Вакцинация төлқұжатын сатып алған қазақстандық жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты

Dalanews 14 июл. 2021 14:58 886

Вакцинация төлқұжатын сатып алған қазақстандық коронавируспен жансақтау бөліміне түсті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Роза Қожапованың атап өткеніндей, жағдайы нашарлаған науқас төлқұжатты сатып алғанын мойындаған.

"Оның шынымен вакцина алмағаны анықталды. Заңды белден басып, вакцина алғаны туралы паспортты сатып алған. Коронавирус жұқтырып, ауруы асқына бастаған шақта мұны өзі мойындады", – дейді дәрігер.

Маманның айтуына қарағанда вакцина алған азаматтар бірден білінеді, олар вирусты жұқтырғанның өзінде ауруды әлдеқайда жеңіл өткереді.


"Біз аурудың көрсеткішін ұдайы бақылап отырамыз  – вакцинаның алғашқы компонентін алғандар арасында Covid-19 жұқтырған 1325 жағдай тіркелсе, 2 компонентін алғандардың ішінде 964 жағдай тіркелді. Дәрігерлер екпе алған азаматтардың денсаулығын тұрақты түрде бақылап отыр", – деді Роза Қожапова.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша биылғы жылдың 6 айында жалған ПЦР мен вакцинация төлқұжатын жасатқан азаматтардың үстінен 27 қылмыстық іс қозғалған.

Вице-премьер Ералы Тоғжанов Ішкі істер органдарына аталған бағыттағы жұмысты үдетіп, заң бұзған азаматтарды жауапқа тартуды тапсырған болатын.

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости