Вакцина бизнесті құтқарады. Елордада кәсіпкер әйелдер халықты жаппай вакцина қабылдауға шақырды

Dalanews 26 мая 2021 16:50 856

Елордада BusinessWomenKZ қоғамдық бірлестігінің мүшелері халықты коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуге шақырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кәсіпкер әйелдердің пікірінше, вакцинаның арқасында карантиндік шаралар жеңілдетіліп, бизнес толықтай жұмыс істей алады.

– BusinessWomenKZ – әйелдер бизнесін қолдайтын және дамытатын республикалық ұйым. Біз бүкіл халықты вакцинацияға шақырамыз. Вакцинаны өзіміз де алдық. Өршіп тұрған эпидемия халық үшін қауіпті. Біз де карантиннен шаршадық. Егер халықтың басым көпшілігі вакцина қабылдап, денсаулығына қараса, бұрынғы өмірімізге қайта оралар едік, – деді BusinessWomenKZ ҚБ басқарма төрағасы Сәуле Қайсар.

Bilim al оқу орталығының басшысы Райгүл Серікбаева өз сөзінде карантинге байланысты бизнес үлкен шығынға ұшырағанын атап өтті.

– Мен көпбалалы анамын. Біз ешкімнен ешнәрсе сұрамаймыз. Тек мемлекет пен демеушілер ғана бізді қолдап отыр. Қазіргі уақытта бизнесіміз нығайып, елордада екі филиалын аштық. Енді одан әрі дамыту үшін COVID-19 індетімен күресуіміз керек. Менің ойымша, одан құтылудың тиімді әдісі – вакцинация. Мен өзім «Спутник V» вакцинасын алдым. Енді екінші компонентін күтудемін. Біз үшін басты проблеманың бірі – карантин. Ата-аналар балаларын инфекция жұқтыруы мүмкін деп қорқып, оқу орталығына жібермейді. Сондықтан бұл қиындықтарды жеңу үшін жаппай вакцинациялау керек, – дейді ол.


BusinessWomenKZ жобасының тағы бір өкілі Камина Байболова өткен жылы карантиннің басында тігін шеберханасын ашып, елорда тұрғындарын маскалармен қамтамасыз етуге өз үлесін қосқан болатын.

– Астана Алтын шаңырақ ұясы» тігін шеберханасын ашқанымызға бір жылға жуық уақыт болды. Тігін шеберханасын елорда әкімі Алтай Сейдірұлының қолдауымен көпбалалы аналар үшін аштық. Өткен жылы карантинге байланысты күн сайын 5000-нан астам маска тіктік. Медицина қызметкерлеріне арналған халаттар тігумен де айналыстық. Қазір бәріміз мұқият болып, денсаулығымызды күтуіміз керек. Мен өзім 10 баланың анасымын. Балаларым вакцина алды. Сақтық шараларын сақтаймыз және өзгелерді де вакцинациялауға шақырамыз. Бизнесіміз ары қарай да дамығанын, коронавирус эпидемиясының басылғанын қалар едік, – дейді көпбалалы ана.

Алтынай Рысқұлованың отбасылық бизнесі қолдан жасалған шоколад өнімдерімен айналысады. Кәсіпкердің айтуынша карантин оның табысына да кері әсер етіпті.

– Біздің отбасылық кәсібіміз бар, қолдан жасалған шоколад өндірумен айналысамыз. Бизнестің құлдырамай, ары қарай дамуы үшін, әрі біздің де кәсібіміз өрге жүруі үшін вакцина қабылдауға шақырамын, – деп атап өтті ол.


Қоғамдық тамақтану нысандарының иелері жаппай вакцинациялауды қолдайды. Себебі осының арқасында қала тұрғындары мен бизнес бұрынғы өмірге орала алады.

Олардың арасында Асылтас Ділдебаева да бар:

– Riza Ball мейрамханасының атынан мен бәрін вакцинациялауға шақырамын. Мейрамхананың, барлардың кафелердің есігін толық ашайық. Біз жұмыс істеуіміз керек, – деді кәсіпкер әйел.

Рекомендовать
Последние новости