Шөкеев АҚШ-тың бас консулымен кездесті

Dalanews 26 мая 2021 17:36 827

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев еліміздегі Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Эрик Майермен кездесті. Кездесу кезінде тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қос тарап әңгімелесу барысында екі ел арасындағы туризм мен өзара әріптестік қарым-қатынас туралы пікірлесіп, ой бөлісті, – деп хабарлайды Dalanews.kz ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өмірзақ Естайұлы шетелдік делегаттарды Түркістан өңірінің тарихы мен инвестициялық әлеуетімен таныстырды. АҚШ-пен қарым-қатынасты дамытуға және нығайтуға үлкен мән берілетінін айтқан облыс әкімі Түркістан облысында бизнес климатты дамыту туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Облыс басшысы американдық компаниялар тарапынан қызуғышылық тудыратын бірқатар жобаларды таныстырды. Қонақ үй, мейрамхана бизнесі мен білім, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына инвестиция салып, әріптестік орнатуға шақырды. Индустриалды аймақта жеке кәсіпкерлікті дамыту бағытында берілген мүмкіндіктер мен жеңілдіктер жайлы жеткізді.

– Біз үшін АҚШ – сенімді серіктес. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің астанасы, мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысы құрылғалы 157 нысан бой көтерді. Туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру және туристерге тартымды ету – басты талаптарының бірі. Бүгінде шаһарға жылына 1,5 млн. турист келуде. Алдағы жылдары олардың қатары 5 миллионға жетпек. Біз жай ғана туризм емес, археологиялық туризмді дамытқымыз келеді. Еуропалықтарды, ағылшындарды, жапондықтар мен қытайларды туристер ретінде көргіміз келеді. Барлық бастамаларға, жобаларға дайынбыз. Ынтымақтастық пен серіктестікке ашықпыз, – деді Өмірзақ Шөкеев.

АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы тарихи-мәдени есерткіштерге бай Түркістан өңірінің бұл байлығын туризм көзіне айналдырып, құнды ресурс ретінде пайдаланудың маңыздылығын құптады. Шетелдік делегация Түркістан өңірі мен облыс орталығының болашақ экономикалық даму бағытына оң баға беріп, аймақтың алдағы жылғы даму тұжырымдамасындағы бірқатар жобаларға қызығушылық танытты. Бас консул қос елдің бірлескен іскерлік жобалары тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да үлкен мәнге ие екендігін айтып өтті. Білім саласын дамытуда тәжірибе алмасуда ниет білдірді. Кездесу соңында тараптар екі ел халықтарының игілігі үшін барлық бағыттар бойынша екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Түркістан облысы құрылғалы 600 млн доллардың 91 жобасы жүзеге асты. Алты мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы 4 жылда 3,6 млрд. АҚШ долларының 97 жобасы жүзеге асып, 22 мың жұмыс азамат тұрақты жұмысқа орналасады.

Рекомендовать
Последние новости