Ұстаз болу-жүректің батырлығы

Dalanews 09 окт. 2023 11:19 10297

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, ерінбей, жалықпай еткен еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген мұғалім ғана нағыз ұстаз бола алады.Әрдайым ұстазды құрметтеп, сыйлау – адамзаттың үлкен парызы.

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен , ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. "Ұстазды алтын діңгекке теңер едім" – деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы қиыншылығы мен рахаты көп мамандық атаулының ұлысы. Ұстаздық ету тынбай жұмыс істеу, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялау. Өз шәкірттерін білімнің шуағымен нәрлендіріп отырып адамгершілік қасиетін, мейірім шуағын болашақ ұрпақтың бойына дарыту.

Ұстаздық қызметі әрқашан күрделі дегенмен,ұстаздарға шәкірттердің құрметі ерекше.Бізде өз тарапымыздан,ұстаз деген ұлы атты қадірлеп «Ел-тұтқа» клубының мүшелерімен «Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға» атты іс-шара өткіздік.Іс-шара БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары  4 бағыты аясында өткізілді.Іс-шара барысында профессорлар құрамы мен оқытушылардың тарапына жылы лебіз білдіріп,құрмет көрсеттік. Ұстаз -жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі!

«Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деп қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай, яғни мұғалім өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шебері болуы керек. Ел тәуелсіздігін қалпына келтірген алғашқы отыз жылда, ұстаз қауымның мәртебесі төмендеп кеткені сан мәрте айтылды. Реформадан көз ашпаған бір сала болса, ол да білім саласы. Дегенмен соңғы екі-үш жылдың ішінде  мұғалімдердің абыройы көтеріліп, мәртебесі де өсе бастады. Педагогикалық мамандықтың бәсі жоғарылады. Турасы – бұрынғыдай мектеп бітірушілер енді төменгі балмен бұл салаға түсе алмайды. Біртіндеп мұғалім деген мамандық мәртебелі мамандыққа айнала бастады. Бұл өте дұрыс саясат екендігін атап айтқан абзал. Қазіргі  замандағы ең алдыңғы қатарлы елдердің барлығы дерлік ғылым-білім арқылы дамығаны дау туғызбайды. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.

Тілепбергенов О.Н.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға-оқытушысы,заң ғылымдарының кандидаты


Ел-тұтқа студенттер клубының жетекшісі


 

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости