Ұшақта домбыра алып жүруге рұқсат бермегені үшін Мақпал Жүнісова жеке орын сатып алуға мәжбүр болған

Сағыныш Сардарова 12 мар. 2024 14:07 8007

Қазақстанның халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова әуежайда күтпеген жайтқа тап болған. Ол гастрольдік сапар аясында Қарағандыға жол жүріп бара жатқан, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өнер иесі әуежай қызметкерлері домбырасы мен концерттік бас киімін ұшаққа кіргізуге рұқсат бермегенін жеткізді. Видеоны әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

"Құрметті халайық, әуежайда отырмын. Қарағандыда концертім.

Домбырам мен баскиімімді "мұндай жүкті өткізуге болмайды, бірақ кішкентай чемоданыңызды алып өте беріңіз" дейді.

Сіздер сонымен келісесіздер ме? Баскиімді чемоданға тыға алмаймын. Майысып қалады", - деді ол.

Ашынған әнші амалы құрып, тағы бір орын сатып алған.

"Домбырам мен баскиіміме жеке орын сатып алдық. 65 мың теңге. Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазақтың домбырасын өткізбей, осындай болып жатыр. Енді гастрольге шықпаймын, заңды өзгертпесеңіздер, гастрольге бармаймыз", - деді халық әртісі.

Бұған дейін ұшақта домбыра алып жүре алмаған әншілер осы мәселені көтерген еді. Солардың бірі - айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай. Ол Мақпал Жүнісованың желідегі осы жазбасына пікір жазып, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалғанын айтты. 

"Қазақтың домбырасын сыйдырмаса, 

Не пайда ұшағыңның кеңдігінен?! - деп әуе компанияларға осы мәселені шешулерін сұрап жүргеніме 2 жыл болды! Бірде-бір қорытынды шығарған жоқ. Жоғарыдағылар да есітемеген адам құсап отыр ғой керең болып", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости