Ұрпақ тәрбиесін көп зерделеу маңызды

Dalanews 23 нояб. 2017 06:35 1059

Ұлағатты ой иелері де, арман оты көкірегінде  алаулаған  жеткіншектер  де парасатты  қоғам қайраткерлері  бір адамға қарыздар. Ол – ұстаз! Шәкірттерін  білім нәрімен сусындатып, тәлім- тәрбие беру, жақсы қасиеттерді  бойына дарытып, адамгершілік рухта  бағыт-бағдар беруде мұғалімдер қауымының еңбегі зор.

Шәкірттерін туған анасындай баурап, өмір  қиындықтары мен  қызықтарын  сезіндіріп аялаудан, мәпелеуден жалықпаған саналы өмірін  бала тәрбиесі мен біліміне арнаған ұлағатты ұстаз. Қашанда өз ісіне адалдықпен берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірдегі жол сілтеушісіне айналған ұстаз ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы жайында аз- кем сыр бөлісіп, әңгімелесудің реті түсті.

– Жас ұрпақтың  тәрбиесі  барлық кезеңдеде қоғамның  ең өзекті мәселелерінің  бірі болады. Ол алдағы уақытта да  ешқашан маңызын жоймақ емес. «Бала елдің болашағы», сондықтан  ұрпақ тәрбиесі барлық қоғам мүшелерін алаңдатуы тиіс. Әр халықтың ұлттық құндылықтарын  құндақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мәселесін күн  тәртібінен  түсірмеуіміз қажет. Жүсіп Баласағұнның :

«Бала білім жолын қуса десеңіз,

Бесігінде-ақ білім жолын көрсеңіз.

Білім үйрет сәбиіңе тарылма,

Уыздайын сүттей сіңер қаныңа, – деген даналық сөзі  қазақ халқының бала тәрбиесіне о бастан-ақ ойланып, қолға алғанын білдірсе керек. Бір ғана бесік жырының өзі сәбидің жан сарайын байытып, арлы да ақылды, әдепті де иманды болып  өсуіне  көп септігін тигізері хақ.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Ғылым иесі де,  ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақында, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, бәрі-бәрі ұстаздан білім алған, тәлім үйренген. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адамзат  баласы  құрметпен  бас июі – басты парыз. Өмірге  ұрпақ берген  аналарды  қалай  ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін  ұстаздарды да сондай ардақтауымыз керек.

Қазіргі таңдағы  өмірді саралай  келе, маған «біз жастардың тәрбиесіне  әлі  де өз дәрежесінде  жетілдіре алмай жүрміз-ау» деген ой келеді. Қазір жаһандандыру заманын аяқ бастық, жан-жақпен арласудамыз, жастар әлемдегі ең озық білім ғылымды бойларына  сіңіріп жатыр. Оның барлығы дұрыс. Бірақ біз бірнәрсені ұмытпауымыз керек. Мысалы, бүкіл әлем екінші Аристотель, ұлы ұстаз деп мойындаған Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – халықтың қас жауы» деген сөзі бар. Білімі жан-жақты болғаны жақсы. Бірақ білім тәрбиемен ұштасып жатса ғана ғанибет. Сондықтан әрбір ата-ана, мектеп, мұғалімдер қауымы білім беру ісін тәрбиеге баулумен дұрыс ұштастырудың маңызы зор.

– Біздің тәрбие деген түсінігіміз біржақты. Шын мәнісінде, тәрбие – ақпараттық жүйені қабылдай білу тәсілі. Ақпарат тасқыны арқылы адамды тәрбиелеуге, яки оны бұзуға да болады. Құндылықтарға тәрбиелеу – бір мәселе болса, қазір ақпараттық жүйедегі тәрбие – басты мәселе. Осы заманға, адамның кемелденуіне қажетті ақпараттарды берудің тәсілдерін ойластырып, соны жүзеге асыру қажет. Қазақтың «көп оқығаныннан емес, көп тоқығанынан сұра» деген сөзі осы орайда орынды айтылған. Қазір көп білу емес, зерделеу маңызды. Ең бастысы, қазақ халқы ұлт санатында мәңгі  сақталып қалғанын қалаймын. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргесі мызғымас, берік болсын.

Жәния МЫҚТЫБАЕВА, Алматы қаласы, Алатау ауданы №164 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі.

 

 

Рекомендовать
Последние новости