УРАН ӨНЕРКӘСІБІНДЕ ОҢТҮСТІК ӨҢІРДІҢ ҮЛЕСІ МОЛ

Dalanews 14 окт. 2014 11:56 1077

 

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының төрағасы Нұрлан Қаппаров кәсіпорынның Оңтүстік Қазақстандағы өндіріс орындарымен танысты.

Нұрлан Қаппаровтың саламен танысу сапарын осы оңтүстік өңірден бастауы тегін емес. Бүгінде Қазатомөнеркәсіпке қарасты жалпы уран өндіруші 20 кеніштің 15-сі Оңтүстікте орналасқан. Ал іс сапар отандық уран өндірісіндегі ең көне кәсіпорын - Таукент таукен химия кәсіпорны орналасқан Созақ ауданындағы Таукенттен басталды. Компания басшысы ат басын әуелі әлеуметтік нысандарға бұрып  440 орындық «Таукент гүлдері» балабақшасымен, І. Кеңесбаев атындағы орта мектеппен, күніне 100 аса адамды қабылдай алатын емхана және 40 төсектік ауруханасы бар дәрігерлік-санитарлық бөлімнің жұмысымен танысты.

 Артынша Таукент таукен химия кәсіпорында болған Қазатомөнеркәсіп басшылары өндіріс басындағы мамандармен кездесті. 40 жылдық тарихы бар даңқты кәсіпорынның әлі де болса әлеуеті мықты, өндірістік жоспарларын орындап келеді. Әрине, жетістіктермен қатар өзіндік проблемалар да жеткілікті. Кездесу барысында мұның барлығы ортаға салынып, міндеттер айқындалды. Мұнан соң Нұрлан Қапппаров «Катко» Қазақстан-Франция бірлескен кәсіпорнында болды. Мұндағы жұмысшылар активімен кездесу негізінен технологиялық үдерістерге қатысты болды.

Отандық уран өнеркәсібінің тағы бір көне кәсіпорны - «Степное КБ» ЖШС-де болған Қазатомөнеркәсіптің басқарма төрағасы«Уанас» уран кенішін аралады. Мұндағы жұмыстар да уақыт талабына сай ұйымдастырылып келе жатқаны, еңбек адамы мен тұрғындарға жасалған қамқорлықтар аз еместігі бірден байқалады.

Кеніштерге жақын орналасқан ауыл жастарының басым бөлігі өз тағдырын осы саламен байланыстырған. Нұрлан Жамбылұлы сапар аясында жас мамандармен кездесіп, пікір алмасты. Осы ретте көңіл бөлерлік бір жайт, уран өнеркәсібінде жергілікті мамандардың, оның ішінде жастардың үлесі артып келеді. Алматыдағы Қазақ ұлттық техникалық уинверситетін, Томск политехникалық институтын, тіпті шет елдердегі айтулы техникалық оқу орындарын бітіріп шыққан олар өндіріс тізгінін өз қолдарына алып, ортақ мақсат жолында білек сыбана іске кірісіп жатыр.

Жұрт шетелдік компаниядағы жағдай отандық кәсіпорынға қарағанда әлдеқайда артық деп ойлайтыны жасырын емес. Алайда жаңадан іске қосылып жатқан атом компаниясының өндіріс орындары бұл таптаурын түсінікті бұза бастады. Қазатомөнеркәсіптің 100 пайыз еншілес кәсіпорны саналатын «Орталық» өндіруші кәсіпорны» ЖШС мысалынан да байқауға болады. Табиғаты қатал Бетпақдаланың төсінде орналасқан кәсіпорында – не қажеттің бәрі өте жоғары деңгейде ұймдастырылған.Технологиялық үдеріс толық автоматтандырылып, қоршаған ортаға тасталатын шығындылар көлемі барынша азайған. Кеніштердегі радиациялық фон табиғи мөлшерден аспайтынын арнайы орнатылған аспаптар көрсетіп тұрады.

Сапардың соңында Нұрлан Қаппаров Қазақстан мен Ресей бірлескен кәсіпорны - «Қаратау» ЖШС-ге ат басын бұрды. «Буденовское кен орнын игеріп  жатқан кәсіпорынның төңірегі жасыл желекке малынып тұрғаны  мұндағы экологиялық ахуалдың тазалығын куәландырғандай» деді өз кезегінде сала басшысы. Соған орай болашақта «Green Mining» - жасыл өндіріс орындарын көбейтуді қолға алу ұйғарылды. Бұған мүмкіндік те мол.

Оңтүстік Қазақстан облысында оналасқан уран өндіруші 10 кәсіпорынның жұмысымен танысқан «Қазаатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Қаппаров Шымкентте облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесіп, алдағы уақытта бірлесе атқарар жобаларды айқындады. Өңір басшысы ұлттық атом компаниясына қарасты кәсіпорындардың түрлі жобаларды қолдаудағы нақты көмегіне ризашылығын айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Әкім әсіресе бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберіндегі жобаларға көңіл болды. Асқар Мырзахметов уран өндірісіне қажетті мамандар даярлау үшін колледж ашудың қажеттілігін қадап айтты. Компанияның меншігінде болған әлеуметтік нысандарды аудан әкімдіктеріне берудегі бірқатар түйткілді мәселелерді бірлесе қарап, қос тарапқа да тиімді оңтайлы шешім қабылдау керектігіне тоқталды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Қаппаров ұыныстардың жан-жақты қаралатындығын және облыс бойынша өндіріс көлемі және жұмыс орны қысқармайтынын тілге тиек етті.


"Қала мен Дала"


Рекомендовать
Последние новости