ҰҚШҰ мен Қазақстан: бұл ұйымнан бізге келер қауіп жоқ, пайдасы бар

Dalanews 26 окт. 2023 12:18 2102

Жақында посткеңестік кеңістіктегі елдердің арасындағы шиеленістердің күрделенуіне байланысты қоғамда Қазақстанның түрлі интеграциялық бірлестіктерге, әсіресе ҰҚШҰ-ға қатысты сыни пікірлер жиі айтылып кетті. Қазақстанның ҰҚШҰ-ға мүшелігіне қатысты сынның артуы, әсіресе қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейінгі ахуалға түпкілікті саяси немесе құқықтық баға берілмеуімен түсіндіріліп жатты. Мәселен, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Әнуар Бахитхановтың пайымынша, Қаңтарға қырғынына қатысты көп жайттар ашылмай қалды, көптеген сұрақтар жауапсыз күйінде тұр. Мұндай түсініксіздік, әрине, пиғылы мен ниеті дұрыс еместерге қолайлы жағдай туғызады. Осының салдарының өзі Қазақстанның ұйымға мүшелігіне қатысты сынды күшейте түсті.

Рас, сынның дұрыс-бұрыстығын әртүрлі көзқарастар мен жеке бағалауларға байланысты анықтау керек. Әртүрлі мүдделі тараптардың ҰҚШҰ мүшелігінің артықшылықтары мен кемшіліктері жайындағы жан-жақты пікірлерінің болуы мүмкін екенін мойындау маңызды. Ал сынның негізділігін Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, оның қауіпсіздік қажеттіліктеріне, ұйымның жалпы тиімділігі мен жауапкершілігіне қаншалықты сәйкес келетініне қарай бағалауымыз керек.

Расында, ҰҚШҰ-ға мүшелігіміз ұжымдық қорғаныс, аймақтық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және бірлескен әскери жаттығулар мен жиындарға қол жеткізу сияқты әлеуетті артықшылықтар береді. Бұл көрші елдермен ынтымақтастық алаңын ұсына отырып, Қазақстанның қауіпсіздігін жақсарта түседі. Десе де, ұйым ішіндегі неғұрлым күшті мемлекеттердің ықпал ету дәрежесіне, ұлттық егемендіктің ықтимал шектеулеріне және ұйымның пайда болған қауіпсіздік проблемаларын тиімді шешуге қабілеттілігіне қатысты алаңдаушылықты да жоққа шығармау керек.

Халықаралық құқық тұрғысынан алғанда, ҰҚШҰ-ның құрылтай құжаттарында, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартта көрсетілген қағидаттарды түсінудің маңызы зор. Бұл принциптер ұлттық егемендікті құрметтеуге, мүше мемлекеттердің ішкі істеріне араласпауға және сыртқы агрессияға ұжымдық жауап беруге баса назар аударады. Ұйымның егемендікке әсері немесе ішкі істерге араласуы туралы кез келген алаңдаушылық осы принциптерге сәйкес бағалануы тиіс. Сондай-ақ халықаралық құқық ұйымға мүше мемлекеттерге өз міндеттемелерін, құқықтарын және көпжақты ұйымдарға қатысуының ықтимал салдарын бағалау үшін негіз беретінін атап өткен жөн.


Саясаттанушы Рустам Бурнашевтың де пайымы осыған саяды. «Қазақстанның ҰҚШҰ-ға мүшелігіне қатысты алаңдаушылықтар» деген тұжырым талдауға келмейтін нәрсе. Осы тақырыпқа келгенде қоғамда тым көп алаңдаушылық бар, бірақ олар жүйелене бермейді және көбінесе жай ғана идеологиялық сипатта болып келеді... Мен өзіме жиі пікір білдіруді сұрайтын екі негізгі мәселені атап өтейін. Біріншісі – ҰҚШҰ – Ресейдің төңірегінде құрылған ұйым және сәйкесінше, Ресейдің мүддесін көбірек көрсетеді. Екіншісі – ұйымға мүше елдер Ресей бастаған қақтығыстарға тартылуы мүмкін. Рас, бұл екеуі де қорқынышты. Алайда, мен бұл екеуі де, әдетте, ҰҚШҰ-ның қалыптасу тарихын, ұйымның жарғылық құжаттарын және оларды қолдану тәжірибесін толық түсінбегендердің айтып жүргені дер едім», - дейді ол.

Шындығында, бұл - өте үлкен сұрақ, десе де оған мүмкіндігінше қысқаша жауап беруге тырысып көрсек. Ең алдымен, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа 1992 жылы қатысушы елдердің қауіпсіздігіне сыртқы агрессиядан да, осы шарт аясындағы қақтығыстардан қорғауға да кепілдік беретін құжат ретінде қол қойылғанын есте ұстаған жөн.

Мәселен, құжаттың 1-бабында «Қатысушы мемлекеттер мемлекетаралық қатынастарда күш қолданудан немесе күш қолдану қаупінен бас тартуға міндеттеледі» делінген. Яғни, мүше-мемлекеттер өзара және басқа мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге күш салады. Қатысушы мемлекеттер әскери одақтарға кірмейді және мемлекеттердің кез келген топтарына қатыспайды, сондай-ақ басқа қатысушы мемлекетке қарсы бағытталған әрекеттермен тең болады. Осы тұста, байқасақ, барлық қатысушы елдердің мүдделері теңдей көрініс тапқан.

Дәл осындай жағдай 2002 жылы шартты ҰҚШҰ-ға айналдырғаннан кейін де жалғасты. 1993 жылғы шартқа қол қойған, бірақ одан ешбір мән-мағына таппаған елдер – Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан республикалары оны ұзартудан бас тартты. Басқа елдер, ең алдымен, Ауғанстандағы жағдайды ескере отырып, ҰҚШҰ-ны қолдады және негізгі құжатын қабылдады. Сонымен бірге ұйым ішіндегі мемлекеттер басқа да артықшылықтарға ие болды, мысалы, ресейлік қару-жарақ пен әскери техникаға қол жеткізу мәселесінде. Осылайша, ұйым бастапқыдағыдай Ресейдің ғана емес, оның басқа мүшелерінің де мүдделерін көрсетті.

Екінші сұрақтың да жауабы оңай. ҰҚШҰ мүше елдерді белгілі бір міндеттемелерді орындауға мәжбүрлейтін тетіктерді қарастырмайды. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 2-бабына сәйкес, «бір немесе бірнеше мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қауіп төнген жағдайда» ҰҚШҰ тек «бірлескен консультациялар тетігін» іске қосады. Иә, әрине, Шарттың 4-бабында ұйымға қатысушылардың біріне қарсы агрессия барлық қатысушыларға қарсы агрессия ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар, бұл жағдайда ұйымның қатысушылары өз серіктесіне «қажетті көмекті, оның ішінде әскери көмекті көрсетуге міндетті». Алайда, қайталай кететін нәрсе, елдерді бұл міндеттемені орындауға мәжбүрлейтін және оны жүзеге асыру форматын айқындайтын тетіктер жоқ. Сондықтан, егер Қазақстан ҰҚШҰ аясында жүзеге асырылатын белгілі бір операцияға немесе акцияға қатысуды қажет деп санамаса, олай болмауы әбден мүмкін.

Ал жақында, дәлірек айтсақ, қыркүйек айында Қазақстан Сенаты ҰҚШҰ-ның рөлі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде іргелі болып қала береді деген шешім шығарды. Жоғары заң шығарушы органның отырысы барысында депутаттар Мәжіліс ратификациялаған ұйымның қызметін тиімді етуге бағытталған құжаттарды мақұлдады. Оның бір жаңалығы, ҰҚШҰ-ға кірмейтін аумақтардағы БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу үшін үйлестіруші мемлекет пайда болады. Оның қамқорлығымен БҰҰ бітімгершілік операцияларында пайдалану үшін Ұжымдық бітімгершілік күштері болады. Үйлестіруші мемлекет басқа мәселелермен қатар логистикалық, қаржылық және көлік проблемаларын да шешеді.

Бұл ретте сенаторлар үйлестіруші мемлекетті таңдаудың шарттары мен критерийлерін нақтылауды сұрады. Бұған Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов міндеттер, функциялар және үйлестіруші мемлекеттің таңдауы туралы шешімді ұйымға қатысушы елдердің мемлекет басшылары кіретін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі қабылдайтынын айтты. Ал Сенат спикері Мәулен Әшімбаев ҰҚШҰ-ға мүше кез келген мемлекеттің сайлануға құқығы бар-жоғы, ротация принципі сияқты сауалдар құжаттың тиісті баптарында қарастырылатынын жеткізді. Осылайша, Сенат та Мәжіліс ратификациялаған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ҰҚШҰ күштерінің мүше мемлекеттердің аумақтарында уақытша болуына байланысты істер бойынша юрисдикция мен құқықтық көмек көрсету мәселелерін айқындайтын келісімді мақұлдады.

«Бұл келісім бір елдің әскери қызметкері ҰҚШҰ-ның басқа елінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қылмыстық, әкімшілік немесе тәртіптік құқық бұзушылық жасаған жағдайларды шешуді реттейді», - деп түсіндірді сенатор Сергей Ершов. Демек, құжатта құзырлы органдардың өзара іс-қимыл механизмі, құқық бұзушылық жасаған кезде қабылдаушы және жіберуші тараптардың құзыретін шектеу, құқық бұзушылықтарды тергеуге қатысатын қорғаушылардың, сарапшылар мен мамандардың қатысу тәртібі, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды өзара тану тәртібі қарастырылған.

«Мысалы, Қырғызстанда орналасқан біздің әскери қызметшіміз өзіміздің әскери қызметшімізге қарсы қылмыс жасаса, ол біздің заңдар мен біздің билік тарапынан жауапқа тартылады. Егер ол қабылдаушы тараптың әскери қызметшісіне қарсы әрекет жасаса, онда оның заңдары бойынша жауап береді. Қылмыс іздерін анықтау, қылмыс жасаған адамдарды табу және ұстау үшін бірлескен жедел-іздестіру топтары құрылады. Сонымен бірге, егемендік пен қауіпсіздікке нұқсан келтіру қаупі бар болса, сондай-ақ ол сұрау салынған тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келсе, заң көмегін көрсету туралы өтініш қабылданбауы мүмкін», - деді сенатор.

ҰҚШҰ-ның әуелден әскерлерді үйлесімді қару-жарақпен қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық қамтамасыз ету бойынша келісілген саясаты бар. Тиісті құжатты кезекті рет ратификациялауды да Сенат мақұлдады. Осы тұтса «ҰҚШҰ-ға қатысы жоқ елдердің немесе ұйымдардың стандарттары бойынша жаңа технологиялар мен өндірісті енгізу жоспарда бар ма?» деген сауалдың туатыны тағы заңдылық. Сұлтан Камалетдинов атап өткендей, еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-өнеркәсіп кешенін әртараптандыру маңызды орын алады. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, сатып алуды әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізуде.


«Әрине, ҰҚШҰ қаруларының өзара әрекеттесуіне қойылатын талаптар орындалады. Сонымен қатар, біз қарапайым қару-жарақ пен технологияларды сатып алу мәселесі бойынша ҰҚШҰ-ға кірмейтін басқа мемлекеттермен де жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, Қазақстан ұшқышсыз ұшатын аппараттарды түрік компанияларынан, Израильден және Қытайдан сатып алады. Біз сондай-ақ испандық авиациялық компаниялардан әскери-көлік ұшақтарын сатып аламыз, ал Батыс елдері мен АҚШ-тан атыс қаруын сатып аламыз», - деді Қорғаныс министрлігі басшылығының өкілі.

Демек, ҰҚШҰ-дан Қазақстанға зиян жоқ, ешқандай мүше мемлекет Ресейдің ықпалына немесе мүддесіне қызмет етпейді. Барлығы тең құқылы. Жоғарыда сараптағанымыздай, пайдалы жағы баршылық.

Рекомендовать
Последние новости