Қазақстанда өрттің алдын алу: Төтенше жағдайлар министрлігі заманауи технологияларды енгізуде

Dalanews 13 окт. 2023 08:16 1584

Биылғы жарты жылда Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккендер саны 9 пайызға дерлік төмендегенін мәлімдеді. Нақтылай сандарды сөйлетсек, республика бойынша 4 мың табиғи және техногендік сипаттағы оқыс оқиға тіркелгенін көреміз. Қабылданған шаралардың арқасында төтенше жағдайлардан зардап шеккендер саны 8,8 пайызға азайған. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері 22 мыңнан астам шығуды жүзеге асырса, 5 мыңнан астам адамды құтқарыпты, 5 мыңнан астам адамды эвакуациялады, 1,5 мың азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Мамандардың сөзіне сенсек, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру жүйелі негізде жалғасып жатыр.

Мемлекет басшысы мен Үкімет белгілеген тапсырмалар дер кезінде орындалуда. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясында белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Соынмен қатар тәжірибе алмасу және мүмкін болатын төтенше жағдайларды жоюда бірлескен іс-қимылдарды пысықтау мақсатында Қазақстан ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ және Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы шеңберіндегі азаматтық қорғау саласындағы байрақты іс-шараларға да мүмкіндігінше қатысуда. Бұл орайда, Өзбекстан және Түркіменстанмен азаматтық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы екі үкіметаралық келісімнің күшіне ену рәсімдері аяқталған.

Ал жақында өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Онда Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Сырым Шәріпханов маусым алдындағы алдын алу жұмыстары туралы баяндады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жылыту маусымының бастала салысымен жыл сайынғыдай өрт саны арта түскен. Жалпы, 2023 жылдың басынан бері оқыс оқиға 4 мыңнан астамы тұрғын үй секторында тіркелген. 203 адам қаза тауып, 193 тұрғынды күйік шалыпты, уланғандары да бар.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, өрт салдарынан қаза болғандар санының артуы Шымкент қаласы, Жамбыл, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында байқалады.

– Халықты қорғау деңгейін арттыру және өрттен келетін шығынды азайту мақсатында жүйелі түрде тұрғындармен профилактикалық рейдтер, акциялар, науқандар мен жиындар өткізілуде. Өрттердің алдын алу және сөндірудің заманауи технологияларын енгізу мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі әлемнің ең дамыған елдерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесін зерттеп, өрттің жаһандық статистикасын сараптады. Ғылыми зерттеулер өрт кезінде адам өлімі жалын шарпыған соң 5-6 минуттың ішінде болатынын көрсетті, – деді Сырым Шәріпханов.


Министрдің сөзінен ұққанымыз, осыған байланысты кезекші диспетчерлік қызметтердің жұмыс бекеттерін автоматтандыру арқылы өрт кезінде азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқартудың барлық мүмкін жолдары қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар, 95 мың мүгедектігі бар азаматтың тұрғылықты жері туралы деректер анықталды, бұл өрт кезінде қозғалысы шектеулі адамдардың болуы туралы деректерді құтқарушыларға автоматты түрде жеткізуге мүмкіндік береді.

Министрлікті трансформациялау және төтенше жағдайларды жоюдан алдын алуға жүйелі көшу шаралары аясында халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.

Күнделікті өмірдегі өрт қауіпсіздігі талаптарын азаматтарға жеткізудің ең қолжетімді жолы – кең ауқымды үгіт-насихат пен түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізу. Сол себептен де бұқаралық ақпарат құралдарында 4,5 мыңнан астам материал жарияланды.

– Тамыз айында Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, алғаш рет «Газ балоны» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, оның барысында жолдар мен автотұрақтарда рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Өткен жылы жаппай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңсыз жұмыс істеп тұрған жатақханаларды анықтауға бағытталған «Жатахана» өрт қауіпсіздігі акциясы өте жақсы нәтиже берді. Рейдтер 1,5 мыңға жуық жатақхананы қамтыды, олардың 700-ден астамында өрт қауіпсіздігі талаптарының 3 мыңнан астам бұзушылықтары анықталды, – деп атап өтті министр.

Ал бұл жұмыстың тиімділігі осы санаттағы ғимараттарда өрт, жарақат алу және қаза табу санының азаюымен расталады. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда өрт 36 пайызға азайып, адам шығыны 2,5 есеге, адам өлімі 6 есеге кеміген. Келесі шара қараша айына жоспарланған екен.

– Жыл соңына дейін «Көмірқышқыл газынан сақтан» және «Қауіпсіз Жаңа жыл» ақпараттық науқандарын өткізуді көздеп отырмыз, оған барлық жеке құрам тартылатын болады. Бүгінгі таңда 300 мыңнан астам үй профилактикалық жұмыстармен қамтылды, 800 мыңға жуық азаматқа нұсқау берілді, 100 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды, – деді содан соң Шәріпханов.

Өткен жылдардағыдай халықтың әлеуметтік осал топтарын, әсіресе қарттар мен мүгедектерді және көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге биыл да назар аударылды. Бұл санатта 130 мыңнан астам адам тіркелген.

Тағы бір тиімді тәжірибе газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтауға арналған сенсорларды орнату болды. 2016 жылдан бері оның 193 мыңға жуығы тиісті орындарға қойылған. Ағымдағы жылыту маусымы қарсаңында 8 мыңға жуығы орнатылады.

– Осы жұмыс басталғалы бері оларды белсендірудің 49 фактісі тіркеліп, соның арқасында 219 адамның өліміне жол берілген жоқ. Бұл ретте халықтың жеке қауіпсіздігіне қызығушылық танытпау тенденциясын атап өткен жөн. Мәселен, биыл 10 мыңнан астам үйдің тұрғындары профилактикалық кеңес беруден бас тартты. Осыған орай, біз әлеуметтік желілер, үй чаттары және білім беру ұйымдары арқылы «Мектеп-балалар-ата-аналар» акциясын өткізіп жатырмыз, бұл акция арқылы отбасыларға өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары кедергісіз енгізіледі, – деді Төтенше жағдайлар министрлігінің эетекшісі.


Жылыту маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жеке проблемалық мәселесі тұрмыстық газды пайдаланумен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады.

Мәселен, 28 қыркүйекте Алматы облысында жабдықтың істен шығуы салдарынан 2 тұрғын үйде газ қоспасы шығып, салдарынан 9 адам зардап шеккен, тағы 3 адам қаза тауыпты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынысы бойынша аталған фактілер министрлік өкілінің қатысуымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның жоспардан тыс отырысында қаралған. Нәтижелері бойынша проблемалық мәселелер анықталды.

– Бүгінде өңірлерде білікті мамандар тапшы, тұрмыстық тұтынушылардың газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына және штаттық бірліктердің жоқтығына бақылауды жүзеге асыру жолға қойылған. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап бұл функция әкімдіктерге жүктеліп, оны тұрғын үй инспекциясы жүзеге асырады. Өткен аптада ғана мен облыс әкімінің орынбасарларымен тұрмыстық газ баллондары мен газ жабдықтарын пайдалану кезінде халықтың қауіпсіздігін арттыру мәселесі бойынша кеңес өткіздім. Оларға бірқатар ұсыныстар берілді, – деді Сырым Шәріпханов.


Атап айтқанда, жылыту маусымындағы ірі төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктерге департаменттің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, нысандардың, оның ішінде мемлекеттік және жеке тұрғын үй қорларының иелерімен профилактикалық жұмыстарды жалғастыру қажет деп санайды. Сондай-ақ қызмет көрсететін компаниялар өрт қауіпсіздігі стандарттарын сақтауда мұқият болғаны абзал.

Министрдің пайымынша, Энергетика, Индустрия және құрылыс министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп тұрғын үй инспекторларының тұрғын үй қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде әкімшілік шараларды қолдана отырып, газбен жабдықтау секторындағы қауіпсіздікті сақтауға тиімді бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдауы қажет. Газ құю станцияларының иелері арасында тұрмыстық баллондарды есепке алу жүйелерін анықтау және пайдалану тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің де артықтығы жоқ. Ең бастысы, осы іспетті шаруалар жыл он екі жалғасуы тиіс.

 

Рекомендовать
Последние новости