Универсиадада үздіктер алда келеді

Dalanews 08 июн. 2021 11:25 900

Жастық жігер, күш-қуат, күрес. Студенттік аудиториядан стадионға ұмтылған жастар XI жазғы универсиадада бақ сынасты. Шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған еді. Биылғы спорттық шара «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деген атаумен өткізілді.

Студенттерге арналған спорттық мереке. Бейресми түрде универсиаданы қатысушылар осылай сипаттайды. Дегенмен биылғы шара бұрынғысынан өзгерек. Біріншіден, барлық сайыскерлерден ПТР сынағының нәтижесі талап етілді. Екіншіден, көрермендер саны шектеулі болды. Жаттықтырушылардың айтуынша, универсиада жастар спортын дамытуда маңызды рөлге ие. Сонымен бірге көптеген студенттердің спорттық мансабындағы алғашқы баспалдағына айналуы мүмкін. Денешынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Ермек Ділмаханбетовтің айтуынша, биыл біздің студенттер универсиадаға 24 спорт түрінен қатысуда. Қазіргі таңда соның 17-сі бірінші орын алып, ҚазҰУ құрама командасы әзірге еліміздегі ЖОО-лар арасында алда келеді.

Биыл бірінші орын алған студенттердің барлығы алда болатын Дүниежүзілік универсиадаға қатысады. Олардың арасында олимпиадаға лицензия алған балалар да бар. Біздің спортшылар Қазақстанның ұлттық құрама командасына мүше болғандықтан, барлығы дерлік жоғары лигада ойнайды.

– Соңғы кездері студенттік спортқа көп көңіл бөлінуде. Қазір ЖОО-ға универсиаданың кем дегенде 20 спорт түріне қатысу туралы талап қойылады, – дейді Е.Ділмаханбетов. Соның бірі – жағажай волейболы. Жаттықтырушы Николай Юдаковтың айтуынша, сайыс өте тартысты өткен.

– Универсиада  – студенттік спорттағы ең жауапты және маңызды спорттық шара. Біздің мақсатымыз максималды нәтижеге жету болды. Сол үшін спортшыларымызды жақсылап баптадық. Қыздар мен жігіттер бірде-бір ойында жеңілмей, қарсыластарын шаң қаптырды. Бапкер ретінде маған екі алтын медаль алу тапсырылды. Сондықтан жеңілуге болмайтынын түсіндім. Өйткені 2009 жылдан бері өткізілген универсиадада қатарынан жеті  рет біз осы межеден тайған емеспіз. Жарыс барысында айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Тек финалда Өскемен қаласының ШҚТУ командасымен тартысты ойын болды. Өйткені бұл топтың ойыншылары жасы мен тәжірибесі жағынан үлкен болатын. Дегенмен біздің қыз-жігіттер университет намысын қорғап, жеңіске жетті, – дейді ҚазҰУ құрамасының жаттықтырушысы Н.Юдаков.

Оның айтуынша, ҚазҰУ-да жағажай волейболын дамытуға барлық жағдай жасалған.

– 2009 жылдан бастап екі алаңды пайдалана отырып төрт корт салынды. Жүз адамға арналған трибуналар тұрғызылып, жарыс өткізуге қажетті жабдықтар алынған. Бұл кортта универсиада, республикалық чемпионаттар және халықаралық турнирлер өткізіледі. Сонымен бірге оқу ордасындағы жағажай корттары олимпиадалық аккредитациядан өткен. Алдағы уақытта жағажай волейболына арналған еліміздегі алғашқы қысқы құмды спортзал салу жоспарлануда. Біз олимпиадалық дайындық орталығымен жұмыс істейміз. Ал студенттеріміз Қазақстан Республикасының жастар мен құрама командаларының мүшелері, – деп атап өтті Н.Юдаков.

Универсиада барысында ҚазҰУ студенттері үздік өнер көрсеткен тағы бір спорт түрі – семсерлесу. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вилор Дьяококиннің айтуынша, ЖОО-лар арасында семсерлесуден бәсекелестік тәжірибенің жоқтығы байқалған.

– Соған қарамастан, спортшылар жоғары шеберлік пен жарысқа деген ықыласын көрсетті. Жарыстар барлық санитарлық нормаларға сәйкес ұйымдастырылды. Сондықтан ұйымдастырушыларға, ҚазҰУ спорт клубы мен Денешынықтыру тәрбиесі кафедрасына үлкен алғыс білдіреміз. Осы тұста ҚазҰУ студенттерінің өнеріне тоқталғым келеді. Пандемияға қарамастан, олар физикалық және техникалық жағынан жақсы дайындалған. Мысалы, жеке жарыста семсерлесуден медицина факультетінің 1-курс студенті Кәмила Бекболат мен Бекасыл Тілеубек чемпион атанды. Ал Александр Савин, Ильнұр Ғабитов, Даяна Мамырбекова, Диана Мамырбекова, Виктория Зинова, Карина Доспай жеке жарыста жүлдегер болды. Сонымен бірге олар командалық жарыста да чемпион атанып, ҚазҰУ жалпыкомандалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Жауапкершілігі, жанқиярлығы мен достық қарым-қатынасы үшін сайысқа қатысқан барлық студенттерге рақмет. Олар бір-біріне қолдау көрсетті. Тек осылай жеңіске жетуге болады. Сондай-ақ осы жарыста Дүниежүзілік универсиадада өнер көрсететін ҚР студенттік құрамасына үміткерлер іріктелді, – дейді В.Дьяококин.

Қарашаңырақ осылайша өңір-өңірден келген талантты спортшылардың бағын ашып, бабына келтіретін оқу орны екенін тағы да бір дәлелдеді. Ал жеңіске жеткен жастар универсиада үздіктері ретінде әлемдік аренада өнер көрсететін болады.

Рекомендовать
Последние новости