Ұлттық ядролық орталық АЭС-ке қатысты қауіпсіздік мәселелеріне тәжірибелік зерттеу жүргізуде

Dalanews 15 нояб. 2023 06:43 1022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымын жеткізген еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында "жасыл энергияның" маңыздылығына тоқтала келе, «Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады», - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыру қажеттігін жеткізді.

  -«Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», - деп атап көрсетті Президент.


Өскемен қаласында қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қоғам белсенділері сарапшылармен бірлесіп, экономикалық және саяси тұрғыда аса маңызды мәселені талқыға салды.

- «Атом электр станцияларында үлкен артықшылықтар бар – бұл үлкен энергия сыйымдылығы, отынды қайта пайдалану, өйткені органикалық отынды жағу кезінде күл мен қож көп қалады. Сондай-ақ экологиялық ерекшеліктер, парниктік газдардың төмендеуі, экономиканың өсуі болмақ. Қазіргі уақытта ұсынылып отырған заманауи реакторларды салу кезінде осы тәжірибенің барлығы ескерілді, көптеген қорғаныс және қауіпсіздік жүйелері бар», – деді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы Айбек Ақаев.

Сарапшылардың пікірінше, бұл реакторларда пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелері бар. Атап айтқанда, реактор болат пен бетоннан жасалған қорғаныс қабығының (контайменттің) ішінде орналасқан. Контаймент 8 балдық жер сілкінісіне, су тасқынына және тіпті 720 км/сағ жылдамдықпен ұшатын 400 тонналық ұшақтың әсеріне төзімді. Сонымен қатар, реактор пассивті және апаттық салқындату жүйелерімен жабдықталған.

- «Атом электр станциясының қауіпсіздігіне келетін болсақ, оның қорғаныс шараларын жоспарлау аймағы 3 шақырымнан аспайды. Ауыр апаттың ықтималдығы 10 миллион жылда бір жағдайды құрайды. Қазіргі реакторлар терең эшелондалған қорғанысқа ие», - деп түсіндірді ҚР Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев.

Сондай-ақ Ұлттық ядролық орталық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу аясында тәжірибелік зерттеулер жүргізуде. АЭС салу жөніндегі дайындық жұмыстарына ғылыми-техникалық қолдау көрсетіп отырғанын ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков айтып өтті.

-«Бұл бағытта ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Осы уақытқа дейін Қазақстанның түрлі өңірлерінде АЭС салу мүмкіндігіне талдау жасалды. Осы саладағы тәжірибеміз бен біліктілігімізді ескере отырып, біз атом электр станциясының жұмыс істеу циклінің барлық кезеңінде осындай қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Эрлан Батырбеков.

Иә, атом электр стациясы деген кезде, Қазақстан халқының үреймен қарайтыны түсінікті. Себепте жоқ емес. 40 жыл жерімізді улап, миллиондаған адам зардап шекті.  Хиросима мен Нагасаки, 1986 жылы Чернобыльдағы және Жапония еліндегі Фукусимадағы атом электр станциясындағы апаттар ел есінде.  Атомның қауіпті жағын ғана айтудамыз. Энергия көзі тұрғысынан қарағанда, оның әлдеқайда қауіпсіз екенін, бейбіт мақсатта қолданса энергияның қайнар көзі екенін біле бермейміз. Қазақстан бейбіт атомды қолданысқа енгізуде көптеген қадамдар жасауда. Сондықтан мамандар бейбіт мақсатқа қолданылатын атом өндірісінен қорқудың қажеті жоқ дейді. Қазіргі таңда әлемде 500-ге тарта ядролық реактор жұмыс істеп тұр, 100-ге жуық атом реакторын іске қосу жобасы бар. Атомды бейбіт мақсатта тиімді пайдалану елдің дамуына, өсіп-өркендеуіне жол ашар мүмкіндіктің бірі деуге болады. Сала мамандарының пікірінше  бізде энергияның балама көзін дамытуға шикізатта, кадрда, сақтайтын инфрақұрылымда жеткілікті.  Алдағы міндет атомды қырып-жою құралы емес, бейбіт мақсатта қолданудың қазақстандық үлгісін қалыптастыру. Осы жолда ізденіс көп.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости