Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға

Dalanews.kz 18 мар. 2024 15:01 2537

Күні кеше ған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда Қазақстан халқына арналған бірнеше өзекті мәселелерді сөз етті.

Ел Президенті құрылтай туралы: «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген.

Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды.

Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында «Алаш» партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Ұлы көш тәуелсіз Қазақстанға бет алды», – деген ойлары көпшіліктің қолдауына ие болды.


Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Құрылтайдың басты мақсаты жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту болып табылады.


Сонымен қатар Президент Ұлттық құрылтайдың атқарған жұмыстары мен жұмыс тобының құрамына да ерекеше назар аударды. Ұлттық құрылтайда сөз болған арнайы мәселелерге тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

Мәселен, «Жалпыұлттық бірлікті нығайту», «Реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру», «Жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру» т.б. маңызды өзекті мәселелер жан-жақты түсіндіріліп талқыланды.


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтайға дейін Қазақстан халқының атынан Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалып, бабалар рухына тағзым етті. Ұлттық құрылтайдың киелі жер – Ұлытауда өтуінде жаңа Қазақстанның өркендеп дамуына ашылған даңғыл жол деп түсінгеніміз абзал.


Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы мазмұнды, мағыналы болып, халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылып, талқыланды. Тың ойлар ортаға салынып, ой-пікірлердің ешқайсысы елеусіз қалмайды және маңызды бастамаларды міндетті түрде бірге жүзеге асырамыз деп сенім білдірді.


«Жаңа Қазақстан идеясын іске асырамыз десек, аянбай еңбек етуіміз керек. Шын мәнінде елді еңбекқорлық қана көркейтеді. Табысқа жетудің ең басты кілті – еңбек», – деп, қазіргі жастардың бойында ұлттық рухани құндылықтарымызды насихаттау, дәріптеу керектігіне ерекше тоқталды.


Ұлттық құрылтай соңында Президент: «Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет», – деді. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет» деген ақынның ғибратқа толы телегей-теңіз шығармашылық мұрасын заман талабына сәйкес жаңаша дәріптеу бүгінгі күннің басты міндет-мақсаты деп білеміз.


Болатхан САРБАСОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор м.а., филология ғылымының кандидаты


Рекомендовать
Последние новости