Ұлттық қауіпсіздікті көздейтін заң

Dalanews 31 янв. 2024 18:19 1885


АҚШ-тың бюджетінен қаржыландырылатын «Азаттық радиосының» 36 журналисіне ҚР Сыртқы істер министрлігі аккредитация бермей қойыпты. Осы ақпаратты есіткен жұрт «Азаттық» жабылатын болды» деп дүрлігіп жүр. Бұл дүрлігу бекер енді... 2022 жылдың басында да «Азаттықтың» бірнеше журналисі аккредитация ала алмай қалған. Мұндай жағдай  Азаттық радиосының тәжік қызметіне, қырғыз қызметіне қатысты талай мәрте болды, бірақ жабылып қалған БАҚ жоқ, жұмысын жалғастырып жатыр.


Осы тұста бір гәпті айта кетейін.  2023 жылдың 20 қыркүйегінде ҚР Қаржы министрлігі 240 ұйым мен жеке тұлғаны «шетел агенті» деп жариялады. «Шетел агенті» тізіміне жеке тұлға ретінде Г.Кужеева, С.Пак, Д.Егеубаева есімді журналистерді, заңды тұлға ретінде «ИП Дилара Иса» («Азаттықтың» Шымкенттегі тілшісі, «Мәлім Медиа» ЖШС (Мәлім.кз сайты) секілді бірнеше БАҚ-ты енгізген.


Олардың ішінде «Азаттық радиосының» қазақ қызметі жоқ. Сондықтан Қазақстан билігі «Азаттықты» жабу үшін шұғыл әрекетке көшті» деп дабыл қағу бекер.


«Азаттықтың» нақты қожайыны – АҚШ мемдепартаменті. Сыртқы саясатпен шұғылданатын бұл департаменттің қазіргі басшысы – Энтони Блинкен.



ҚР Сыртқы істер министрлігі мен АҚШ мемдепартменті әлемдік саясатта әлдебір мәселе бойынша мәмілеге келе алмай жатқан сияқты. Сыртқы саясатпен шұғылданатын екі ведомствоның арасындағы осы итің-қыржыңның күрмеуі бүгін болмаса да ертең шешілетіні анық. Сонда бәрі реттеледі.



Ал әзірге «Ойбай да, ойбай, демократияның қарлығашы «Азаттықты» жауып тастайтын болды» деп айқайға басу ерте сияқты...


Оның үстіне, «Азаттық – демократия принципіне адал БАҚ» деген тезис тым ұшқары. Шетелге қашып кеткен Мұхтар Әбілязов «Азаттықта» Ақорданың агенттері толып жүр, олар демократияға емес, Ақордаға қызмет етеді» деп талай мәрте айыпты сөз айтқан.


Оралмандардың лидері Серікжан Біләш те «Ақорданың жансызы» деп бірнеше мәрте осы «Азаттықты» айыптады ғой. Ал «Азаттықтың» экс-журналисі Әсем Тоқаева Ақорданың мүддесіне қызмет ететін журналистерді басқа ұрып тұрып санамалап, «Азаттықта» жарияланған ондаған мақаланың қандай мақсатта жазылғанын дәлелдеп берді.


Ал кейбір журналистер «Азаттық радиосына» діни секта сыналап кіріп, орнығып алғаны жөнінде бірнеше зерттеу материалын жариялаған. Осы жағдайдың бәрін көріп-біліп отырып «Азаттық» – демократияның қарлығашы» деп қалай айтамыз?!.


Ораз ӘЛІМБЕК



Рекомендовать
Последние новости