Ұлттық кино орталығы: 87 киножоба питчингке өтті

Сағыныш Сардарова 20 июн. 2024 11:56 2577

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы отандық режиссерлердің 87 киножобасы 2024 жылғы питчингке өткенін, 18-20 маусым күндері ашық қорғау өтетінін хабарлайды.

Енді үздіктер мемлекеттік қаржыландыруға ие болады және ұлттық фильм ретінде танылады. ⠀ Сыннан сүрінбей өтіп, шешуші кезеңге жолдама алған жеңімпаздар тізімі мына сілтемеде: https://kazakhcinema.kz/kz/konkurs_2024

Айта кету керек, конкурсқа қатысуға өтінімдер сәуір айында қабылданды. Бірінші кезең бойынша электронды түрде тіркелген сценарийлер мен сценарий жоспарларының жалпы саны – 465.

Киножобаларды іріктеу конкурсына байланысты консультация жұмыстары 8 сәуірден бастап қолға алынып, телефон қоңыраулары, оффлайн кездесу және әлеуметтік желідегі кері байланыс арқылы жүзеге асты. Киноорталықтың Алматы және Астана қалаларындағы кеңселерінде жеке консультациялар, телефон арқылы, әлеуметтік желі арқылы онлайн қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.

«Алдағы питчингте әділдік тұғырдан түспек емес. Барлық процесс киноорталықтың ресми YouTube-каналында онлайн-режимде көрсетіледі. Тиісінше Сараптама кеңесінің мүшелері де ұлттық киноға сүбелі үлес қосатын кинокартиналарды іріктеуге бар күш-жігерін салмақ», – дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.


Рекомендовать
Последние новости