Ұлттық банк төрағасы АҚШ доллары бағамына қатысты пікір білдірді

Кәмшат Тілеухан 11 окт. 2024 16:10 2858

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 11 қазанда өткен брифинг барысында соңғы апта теңгеге қысым көрсетіп, екпін алған АҚШ доллары бағамына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тимур Сүлейменов қазан айының басынан бастап теңгенің долларға шаққандағы бағамында тұрақсыздық күшейгенін баса атап өтті. Оның айтуынша, бұл ең алдымен, экономикалық белсенділікпен байланысты.

"Біз шаруашылық жүргізуші субъектілер, яғни экономикалық агенттер тарапынан долларға деген сұраныстың айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Бұл жеке секторға да, сол секілді квазимемлекеттік сектор субъектілеріне де қатысты. Білесіздер ме, қазір аса белсенді кезең: инвестициялық, инфрақұрылымдық, сауда-экономикалық келісімшарттар жасалуда, көбінесе бұл келісімшарттар импорт шикізаттарын, жабдықтарын, технологияларын және т.б. пайдалана отырып жасалады. Мұның бәрі долларға деген сұраныстың артуына алып келеді, осылайша аталған шетел валютасы бағамының біршама көтерілгенін көріп отырмыз", деп түсіндіреді Ұлттық банк басшысы.

Сонымен қатар, Сүлейменов теңгенің күшеюі немесе нығайтуынан бөлек, АҚШ ФРЖ ақша-кредит саясатының нәтижесінде доллар да күшейіп, нығайып жатқаны байқалатынын айтады.

азан айының басынан бастап негізгі алты валютаға шаққанда доллардың индексі 2,1%-ға өскенін көріп отырмыз. Яғни, бұл евроға, йенаға, франкке және т.б. қатысты. Ресей рубліне шаққанда, мысалы, сауда серіктесі елінің валютасы ретінде доллар 4%-дан астамға өсті. Осылайша, доллар құнының жаһандық нығаюы теңгенің ішкі бағамына да әсер еткен", деді ол.

Тағы бір маңызды фактор – БЖЗҚ-ның тиімділігі мен кірістілігін арттыру аясында Ұлттық банк доллармен көрсетілген зейнетақы активтерінің үлесін арттыратын болады. Бұл теңгеде ғана емес, доллар түрінде де құралдар жиынтығында жоғары табыс әкеле алу үшін жасалады.

"Біз БЖЗҚ-дағы валюталық активтердің үлесін 40%-ға дейін жеткіземіз деп шештік, сондықтан бұл нарық, соның ішінде біздің де тарапымыздан долларға деген сұраныстың артуына түрткі болды. Бүгінгі таңда осы көрсеткішке қол жеткіздік, яғни БЖЗҚ-ның 20,5 трлн активінің 40%доллармен сақтаулы, сондықтан біз БЖЗҚ үшін доллар сатып алуды доғара тұру туралы шешім қабылдадық, яғни өз мақсатымызға жеттік және енді доллар қажет емес, біз бұл үлесті 40% деңгейінде сақтаймыз", дейді Тимур Сүлейменов.

 Үкіметтің Ұлттық қордан қосымша трансфер сұрауы теңге бағамына әсері болады ма?

"Қазан айында Қаржы министрлігі бюджетті қамсыздандыру үшін Ұлттық қордан рекордтық көлемде - 1,3-1,4 млрд доллар алып, сататынын алдында хабарланған едік. Сондықтан, доллар ұсынысы тұрғысында бізде әлі де жеткілікті көлемді қаражат бар. Яғни, осы 1,4 миллиард доллардың үштен бірін біз нарықта саттып үлгердік, ал айдың соңына дейін тағы үштен екісін сату жоспарда бар. Тиісінше, бұл қаражат теңге бағамындағы құбылмалылықты басу және ақша бағамының іргелі мәніне қайта оралуы үшін жеткілікті болады деп санаймыз ", - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Сонымен қатар ол Үкіметтің 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында 1 доллардың құны 460 теңге көлемінде белгіленгенін атап өтті.

"Біздің орташа жылдық болжамды бағам – 460-тың маңайында. Тиісінше, егер ақша бағамы тұрақтанған болса және оның жыл соңына дейін қатты құнсызданбайтынын көріп отырсақ, орташа бағам бәрібір осы маңайда болады. Сондықтан біз Үкіметке 2024 жыл бойында доллар бағамы өзгерісіне қатысты ұсыныс жасауды жоспарлап отырғанымыз жоқ... Ұлттық валюта әлсірейтіндей, доллардың құны 500 теңге болатындай біз іргелі факторларды байқап отырғанымыз жоқ. Бірақ, жалпы ақша бағамы бойынша мен ешнәрсені кесіп айта алмаймын, өйткені бұл менің функцияма жатпайды", деп сөзін түйіндеді ол.

Айта кетсек, бұған дейін экономист Ғалымжан Айтқазин Ұлттық банктің БЖЗҚ үшін доллар сатып алуды доғаруы нені білдіретінін айтқан болатын.


Рекомендовать
Последние новости