Ұлттық банк теңге бағамының әлсіреуіне не түрткі екенін айтты

Кәмшат Тілеухан 06 янв. 2025 17:28 1095

Ұлттық банк теңге бағамына рубль динамикасы мен қор биржасындағы сауда-саттықта белсенділіктің төмен болуы аздап қысым жасағанын айтады. Алайда реттеуші орган  теңгеге шаққанда АҚШ доллары бағамын айқындауда рубль бағамындағы құбылмалылық неге негізге алынбау керектігін де түсіндіріп өтті, деп жазады Dalanews.kz.

"2025 жылғы 5 қаңтарда қор биржасындағы сауда-саттықта теңгеге шаққанда 1 АҚШ доллары 525,00 теңге деңгейінде ашылып, 525,00-528,00 теңге аралығында саудаланды. Кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша 1 АҚШ долларының орташа сараланған бағамы 526,30 теңге деңгейінде қалыптасып, 0,2%-ға әлсіреді. Халықаралық қаржы нарықтары жабық болғандықтан, сауда-саттықтағы белсенділік төмен болып, оның көлемі небәрі 119,5 млн АҚШ долларын құрады", - дейді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Мәселен, оның айтуы бойынша, 2024 жылғы қаңтарда сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 172 млн доллар болған еді, ал 2024 жылғы желтоқсанда 254 млн долларға жетті.

"Нарық қатысушыларының сұранысы негізінен демалыс күндері жинақталған доллар бойынша қысқа позициямен қалыптасты. Сыртқы факторлардан – күшейіп тұрған АҚШ доллары дамушы елдердегі басқа валюталар секілді теңгеге де қысым көрсетіп келеді. АҚШ долларының индексі 108 тармаққа жетті – бұл екі жылдағы максимум. Осы жағдайдың өзі инвесторлар тарапынан америкалық валютаға қызығушылық артқанын көрсетеді, ал ол бүкіл әлемдегі ұлттық валюталардың позициясына теріс әсер етеді.", - дейді ол.

Тағы бір фактор – Ресей рублінің динамикасы. Оған нарық қатысушылары Қазақстанның сауда айналымындағы Ресейдің маңызды рөліне байланысты назар аударуға дағдыланған. Алайда, Молдабекова ұзаққа созылатын мерекелік демалыс кезеңінде Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты бағамы төмен өтімділікпен бұрмалануы мүмкін екенін ескеру қажет. Мұндай кезеңдерде құбылмалылық артуы мүмкін екенін ескертеді.

Мәселен, 2025 жылғы 3 қаңтардағы жағдай бойынша бағам 1 АҚШ доллары үшін 110,6 рубльге дейін әлсіреді.

"Сонымен қатар, теңгеге қарағанда, рубльге айрықша, соның ішінде санкциялық сипаттағы факторлар әсер етеді. Менің ойымша, қазіргі жағдайдағы Ресей рублінің динамикасы бағдар болмауға тиіс және ол нарықтың шамадан тыс реакциясына ықпал етуі мүмкін. Ал бұл жергілікті нарықта бағамның қалыптасуын бұрмалап, артық құбылмалылыққа әкеледі. Қазіргі уақытта біздің елдеріміздің нарықтары әртүрлі жағдайда жұмыс істейтіні анық. Сондықтан осы жағдайларда Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты күрт ауытқуы теңге/доллар айырбастау бағамында көрінбеуі керек, өйткені ол іргелі экономикалық шындыққа сәйкес келмейді", - дейді ол.

Айта кетейік, 6 қаңтардағы сауда-саттық қорытындысы бойынша 1 АҚШ доллары тағы да 1 теңгеге өсіп, 527,30 теңге болды. Ал  қаңтарда 1 АҚШ долларының ресми құны 525,11 теңге болған еді. Сонда соңғы екі күнде доллардың ресми бағамына 2 теңге қосылды.


Рекомендовать
Последние новости