ҚР Ұлттық Банкі төрағасының кеңесшісі, цифрлық трансформация басшысы Бинур Жаленов телефон нөмірі мен бірыңғай QR-код бойынша банкаралық аударымдарды іске қосу жөніндегі жобаның жайына тоқталды. Ол Ұлттық банк әзірлеген бұл жүйе 2024 жылдың 15 қарашасында пилоттық режимде іске қосылғанын да нақтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бүгіндері банктерді кезең-кезеңімен қосу процесі жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 9 банкпен осы жүйенің операторы - Ұлттық төлем корпорациясы шарт жасасты. Маусым айында алғашқы бес банктің клиенттері үшін телефон нөмірі бойынша банкаралық аударымдар қолжетімді болады деп үміттенеміз. Бұл банктердің қатарында Halyk, Freedom, RBK, Altyn және Home CREDIT бар", – деп атап өтті Ұлттық Банктің брифингі барысында Бинур Жаленов.
Барлық банктердің жаңа төлем экожүйесіне толық интеграциялануын қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк "Банктер туралы" жаңа заң аясында заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашы болды. Қазақстанда барлық қолма-қол ақшасыз операциялардың 90%-ы интернет және мобильді банкинг арқылы жүзеге асырылады, бұл цифрлық арналардың қарқынды дамып келе жатқанын танытады.