Ұлытау облысында парамен ұсталған айтыскер ақынға сот үкімі шықты

Қаракөз Амантай 13 мар. 2024 10:29 10463

Сот Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Әнуар Омарға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкім 12 наурызда Жезқазған қалалық сотында жарияланды. Нақтырақ айтсақ, Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының бұрынғы басшысы О. мен К.-ға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының пара алуы" бойынша айып тағылды.

Сотта О.-ның бөлім басшысы болған кезде, облыс аумағындағы көне қорымдардағы археологиялық қазбалар жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша актілерге қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігер ұйымнан 2 миллион теңге көлемінде пара алғаны анықталды.

"Айыпталушы К., лауазымды тұлға, мемлекеттік органның басшысы бола тұра, "К" ЖШС өкілімен археология саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан", - делінген Жезқазған қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сотталушылар айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Ал К. "қатты өкінетінін айтып" Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 65-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатуды өтінді.

Сотталушылардың кінәсі олардың мойындауымен және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің жиынтығымен анықталды. Үкiмдi тағайындау кезiнде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар – сотталушылардың өз кiнәсiн мойындауы, жасаған іс-әрекеттеріне қатты өкінуi және жас балаларының болуы ескерілді.

"Сот үкімімен осы мемлекеттік мекемелердің басшыларына әрқайсысына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. "Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы" ЖШС мердігер компаниясының өкіліне 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Барлық сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады", - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, осы жылдың ақпан айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Әнуар Омарды ұстағаны белгілі болды. Күдікті облыс аумағындағы ежелгі қорымдардағы археологиялық қазбалар жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша актілерге қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігер ұйымнан 2 миллион теңге көлемінде пара алған.


Рекомендовать
Последние новости