ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен дәрілік қамтамасыз ету жүйесін реформалау мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Күн тәртібінде қаралған басты мәселе Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысы болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кеңеске ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Президент Әкімшілігі, Жоғары аудиторлық палата, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері қатысты.
Аудит қорытындысы бойынша дәрілік заттармен қамтамасыз ету тізбегінің барлық кезеңінде — тіркеуден бастап өндіріске және пациенттерге дейін жеткізуде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Ең өзекті мәселелердің қатарында баға қалыптастырудағы олқылықтар, сапаны бақылаудың жеткіліксіздігі, клиникалық хаттамалардың уақытылы жаңартылмауы бар. Сонымен қатар фармаконадзордың әлсіздігі және салалық ғылыми әзірлемелердің тиімділігі төмен екендігіне назар аударылды.
Вице-премьер Ермек Көшербаев анықталған жүйелі мәселелерге жедел және нақты әрекет ету қажеттігін атап өтті.
"Бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына, жеткізудегі үзілістерге және сапасыз препараттарды қолдану қаупіне жол беруге болмайды. Барлық бұзушылықтар тек бағалауды емес, сонымен қатар құқықтық және басқарушылық шешімдер қабылдауды қажет етеді. Азаматтарды қауіпсіз әрі қолжетімді дәрілермен қамтамасыз ету — бірінші кезектегі міндет. Бұл бағытта кідіріс болмауы тиіс", — деді Ермек Көшербаев.
Кеңес барысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова анықталған заңбұзушылықтарды жоюға бағытталған алғашқы кезектегі шаралар кешенін таныстырды. Оның айтуынша, ЖАП ұсынымдарына сәйкес, дәрілік қамтамасыз ету саласында жүйелі өзгерістер басталды. Жаңа кешенді шаралар халыққа дәрілердің қолжетімді болуын арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда:
- дәрі-дәрмектердің шекті бағаларын төмендету,
- сатып алуларды электрондық форматқа көшіру,
- жаңа дәрілердің нарыққа шығуын жеңілдету,
- пациенттерді жекелеген есепке алу жүйесін енгізу,
- госпитальдық фармация бөлімшелерін құру.
Министр баға реттеу тетіктеріне жеке тоқталып өтті.
"Шекті бағаларды реттеудің жаңа тәртібі мемлекеттік тегін бағдарламалар — ТМККК және МӘМС аясындағы дәрілерге де, көтерме-бөлшек желі арқылы сатылатын препараттарға да қолданылады. Амбулаториялық және стационарлық емге арналған тегін дәрілер тізімінде бағаны 19%-ға дейін, ал бөлшек дәріхана сегментінде 30%-ға дейін төмендету көзделген", — деп мәлімдеді Ақмарал Әлназарова.
Баға қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау дәрі-дәрмектердің тегін тізім бойынша да, жалпы нарықта да қолжетімділігін арттырады.
Сонымен қатар дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді. Бүгінде 366 млн-нан астам орама таңбаланып, 80 млн-нан астамы айналымнан шығарылды. Жүйе фармацевтикалық нарықтың барлық негізгі қатысушыларын қамтып, әрбір дәрінің қозғалыс жолын қадағалауға және тұтынушыларды жалған өнімнен қорғауға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бастама — Денсаулық сақтау министрлігінің Цифрландыру министрлігімен бірлесіп іске асырып жатқан дәрілік заттарды жедел тіркеу бойынша пилоттық жоба. Жаңа тәртіп тіркеу мерзімін 100 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сараптама, баға белгілеу және ұлттық дәрілік формулярға енгізу талаптарының толық сақталуын қамтамасыз етеді.
Кеңес соңында Ермек Көшербаев Президент тапсырмасын іске асыруда барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, дәрілік қауіпсіздік пен препараттардың қолжетімділігі — халық денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.
"Тек жүйелі және жауапты тәсіл ғана азаматтардың сенімін қайтара алады, бюджет қаражатының тиімділігін арттырып, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді", — деп сөзін түйіндеді вице-премьер.
2025 жылы 5 маусымда Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов квазимемлекеттік секторға жүргізіліп жатқан аудит туралы айтты. Жария болған былық-шылықтар денсаулық саласын да қамтыды. Көп ұзамай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының орынбасары ұсталғаны белгілі болды.