Қоғам іштен тына, тіксене күткен квазимемлекеттік секторға жүргізіліп жатқан аудиттың шет-жағасы туралы мәліметтер пайда болды. Кеше Мәжілісте болған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты журналистер қауымы қоршап алып, осы төңіректе сұрақтарды қарша боратты. Көпті қызықтырған басты сауалдардың бірі – топ-менеджерлердің бонустары туралы болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас аудиторға "Самұрық-Қазына" қоры, "ҚазАгро" АҚ және "Бәйтерек" холдингінің топ-менеджерлері алған бонустардың заңды-заңды еместігі тексеріледі ме" деген сұрақ қойылды.
"Бұл мәселелер де мемлекеттік аудитпен қамтылатын болады. Нәтижелері белгілі болғанда, біз ол туралы көпті хабардар етеміз. Егер мұндай бұзушылықтар анықталса, онда әрине, осы компаниялардың басшылығына қатысты тиісті ұйғарымдар толтырамыз (ақшаны қазынаға қайтару бойынша)", - деді Әлихан Смайылов.
Сөйткен бас аудиор бұдан да зор мәліметпен бөлісе кетті.
Ол өздері жүргізіп жатқан аудтиорлық жұмыстың бірі "Бәйтерек" холдингінің борышын басқару мәселесін де қамтитынын баса атап өтті. Смайловтың айтуынша, 1 қаңтардағы жағдай бойынша холдингтің компаниялар тобының шоғырландырылған борышы 8 трлн теңгеден асады.
"Біз жаңадан алынған қарыз ақшалар экономикалық тиімді жобаларға жұмсаудың орнына ішкі мәселелерді шешуге немесе төленбей, қордаланып жатқан несиелерді өтеуге бағытталған жағдайларды анықтадық", – деді Әлихан Смайылов.
Кейбір жағдайларда қаражат, тіпті нақты сұраныссыз қарызға алынған. Яғни, еш себепсіз. Мысалы, "Даму" қоры Азия Даму банкінен мемлекеттік кепілдікпен қомақты ресурстар тартқан болатын.
"Бұл ақша шағын және орта бизнесті банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы қаржыландыруға арналған. Алайда, бизнес тарапынан өтінімдердің болмауына байланысты деген себеппен шамамен 11 млрд теңге кері қайтарылған", - деді ЖАП төрағасы.
Ол квазимемлекеттік компаниялар, көбінесе мемлекеттен алған қолдау ақшаларға қатысты жоспарлы әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге қол жеткізу бойынша нақты міндеттемелерді белгілемейтінін атап өтті.
"Атап айтқанда, бұл - жұмыс орындарын құру және салық базасын кеңейту сияқты көрсеткіштер. Аудиторлық іріктеу шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын алғанда уәде етілген әсер 32% жағдайда немесе 37 қолдау шарасына ие болғандардың 12-сі қол жеткізе алмаған. Бұдан бөлек, жобаларды сапасыз іріктеу және басым емес салаларды қаржыландыру фактілері анықталуда. Қазір "Самұрық-Қазына" қорында аудит жүргізілуде. Ол аяқталған соң қорытындыларын жариялайтын боламыз", - деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін сайтымызда "Самұрықтың" соңғы демі: Қор тараса, ескі Қазақстан дәуірі аяқтала ма?" деген мақала жарияланған болатын. Мәжіліс қабырғасында 2025 жылы 19 мамырда депутат Әділ Жұбанов "Самұрық-Қазына" қорын таратуды ұсынған болатын.