"Самұрықтың" соңғы демі: Қор тараса, ескі Қазақстан дәуірі аяқтала ма?

Кәмшат Тілеухан 23 мам. 2025 17:05

Қаржыгер-маман Ілияс Исаев "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын тарату туралы мәселенің Мәжіліс қабырғасында көтерілуін кездейсоқтық емес екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл қорға реформалау сипатында былтырдан бастап "түрен" салынған. Ал биыл, 2025 жылы 27 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтіліген отырысында Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорын реформалау барысына көңілі толмайтынын жеткізген, сөйтіп ақпан айында бұл мәселені май-шаммен қарайтынын айтқан. Ал 21 ақпанда Президент Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайловты қабылдағанда "Самұрық-Қазына" мен бірқатар ұлттық компанияларларға аудиторлық тексеріс жүргізілетіні де белгілі болды.

"Меніңше, осы аудиторлық тексеріс жұмыстары әлі аяқталмай жатыр. Әрине, қордағы компаниялар, олардың еншілестері, тағы филиалдары, олармен серіктесе жұмыс істеген қаржы инстуттары деп тексеріп кете берсе, бұл - ұзаққа созылатын процесс. Ең бастысы, мемлекет ішіндегі мемлекет іспетті бұл қор экономиканы оңтайландыру емес, үлкен ақшаны ұрлау, соның ізін жасыру істерімен айналысатын сияқты. Әйтпесе, қор ішіндегі кейбір компаниялар кезінде жыл қорытындысы бойынша минусқа кетіп жатса да олардың менеджерлері бәрібір қырып бонустар алатын. Мұны қалай түсінуге болады? Бұған айран-асыр болып, мәселе көтергенімізбен осы күнге дейін оған жауап ала алған емеспіз. Әрине, бұл қордың таралғанын құптаймын", - дейді Ілияс Исаев өз кезегінде.

Қаржыгердің айтуынша, Президент аудит қорытындысын күтіп отырған болуы керек.
"Өткенде Мемлекет басшысы Қазақстан даму банкін қатты сынға алды.

Сол кезде "Самұрық-Қазынаны" да айтып қалады ма" деп күткен едік. Бірақ, бұл ретте ол кісі үнсіз қалды. Соған қарағанда, бәлкім аудит қорытындылары әлі шықпаған болар", - дейді маман.

Қаржыгердің пікірінше, шетелге тоқтамай, ағылып кетіп жатқан ақшаның артында осы "үлкен құс" тұрған секілді.

"Меніңше, осы "Самұрық-Қазына" қоры жоғалса, ескі Қазақстанның да дәуірі тәмамдалатын сияқты", - дейді Исаев.

Сөз соңында ол "Бәйтерек" холдингі "Самұрық-Қазынаның" "бөлесі" екенін еске сала отырып, соңғысын таратса, онда холдингпен байланысты қордаланған мәселені шешу онша ауыр болмайтынын айтады. Өйткені, салыстырмалы түрде аталған қорға қарағанда холдинг көлемі шағындау екен.

Айта кетсек, 2025 жылы 19 мамырда Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов "Самұрық-Қазына" қорын таратуды ұсынды. Сөйткен ол өзін мазалаған сұрақтарды сол күні Мәжіліске бюджет ақшасының игерілуі бойынша есеп беруге келген Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржановқа қойып көрді.

"Бір де бір отбасы мүшесі кәсіпкерлікпен айналыспаған, бірақ бізде өте бай тұратын азаматтарды білеміз. Біз ұрлауға ыңғайлы болу үшін барлық байлықты бір қолға ұстатамыз. Жалпы, мен "Самұрық-Қазына" қызметіне қарсымын, оны тарату керек, ол бәсекелестік ортаға берілуі керек. Сіздің "Самұрық-Қазынаға" қатысты көзқарасыңыз қандай?".

Аудитор бұл мәселе өздерін де қатты алаңдататынын айта келе: "Қазіргі уақыттағы жағдайларды ескере отырып, біз "Самұрық-Қазынаға" аудит жүргізетін боламыз. Біздің жоспарымыз бойынша ол шілде айында аяқталады, міне, сол кезде біз сізге толық есеп пен ұсыныстарымызды көрсетеміз", деп жауап қатты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар