Тұрсын Жұртбайдың маған жасаған "жамандықтары"

Dalanews 02 февр. 2017 11:10 797

Әйгілі жазушы, зерделі ғалым, көшелі көсемсөзші Тұрсын Жұртбай ағамыз өзі менің туған нағашым. Анамның ет жүрегі елжіреп тұратын жалғыз бауыры. Анамыз: «Тұрсын бала кезде керемет тентек болды, бірақ оқуға сондай зерек еді» деп шындықты жасырмай айтып отыратын. Тұрсын ағаның өзі де «Менің адам болуыма ықпал етіп, дұрыс жолға түсуіме бірден бір себепкер болған адам – Апайым (Ол кісі біздің шешемізді осылай атайды). Апайым болмағанда кім біледі, кім болып шығарымызды» деп үнемі айтып жүреді. Шешеміз саналы ғұмырын бала тәрбиелеумен өткізді, ұстаз болды. Алғашқы шәкірттерінің бірі де осы – Тұрсын ағам.

Сөйте тұра, Тұрсын аға маған үнемі жамандық жасаумен келеді. Әрине, мен ол кісінің жасаған жамандықтарының бәрін түгендей алмаймын, өйткені өте көп. Тек санаулыларын айтсам да, жеткілікті шығар. Содан-ақ жұрт өзі Тұрсын ағамның қандай адам екенін түсініп қалады. Көзімді ашқаннан бері Тұрсын ағаның өмірі көз алдымда өтіп келе жатқаннан кейін бе, ес біле бастағаннан бастап сол кісідей жазушы болуды армандадым. Тұрсын ағаның ықпалы маған қандай болғанын осыдан-ақ байқай беріңіздер. Егер ағам басқа мамандықты таңдағанда, мен де басқа мамандықты таңдар ма едім, кім білсін. Міне, бұл ол кісінің маған жасаған алғашқы жамандығы еді. Содан кейін орта мектепті бітіре сала мені сол кездегі әсем астанамыз – Алматыға алып кетіп, Қаз МУ-дің Журналистика факультетіне оқуға түсіріп жіберді. Сөйтіп мені туған жерімнен, өскен ортамнан айырды. Егер Тұрсын ағам болмаса, туған өлкемнің таза ауасын жұтып, табиғатын армансыз тамашалап, күндіз-түні онымен сырласып, арқырап атқа мініп, бес-он қойдың ғана қамын ойлап, алаңсыз ақ ішіп, құйрық жеп, рахатқа батып жүруші едім. Әттең, не керек, туған өлкемнің ұланы ретіндегі осы бақыттан айырды.
Содан кейінгі жамандығы – мені қиын да күрделі қаламгерлік жолға бағыттап жіберді. Барын сала тәрбиеледі, менің қаламгерлік қанатымның қатаюына қолынан келгенін аянып қалған жоқ. Алғашында мен мұны жақсылық жасап жүр екен деп түсінетінмін. Сөйтсем мені өмір бойы қаламның азабын тартып, бейнетін қанып ішсін дегені екен ғой! Қайдан білейін!
Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді, әрине, үнемі қасында жүргеннен кейін кез-келген адамның бойындағы өзіндік қасиеттері екінші адамға міндетті түрде жұғады. Тұрсын аға да өзінің бойындағы асыл қасиеттер арқылы мені де тазалыққа, адалдыққа баулыды. Ал таза, адал адамдардың жолы қашанда қулар мен сұмдарға қарағанда ауырлау болып келетіні рас. Одан да қулық пен сұмдықты үйретсе ғой, талай жерге барар ма едім, кім білсін!
«Күнің түсіп тұрса да адам баласына жалынба, ешкімнің алдында бүгежектеме, күйбеңдеме, күйкі тірлік үшін біреуден бірдеңе дәметіп тіленшіктенбе, мықтыға абыройыңды сатып жағымпазданба, басыңды кесіп алса да, өтірік сыңқитып жіберме, қасқайып тұрып шындықты айт! Өйткені, сен текті атаның баласысың! Ешқашан тексізденбе, егер күнің үшін тексізденсең, текті ата-бабаларыңның өзі бір-ақ күнде сазайыңды береді. Тексіз деген жақсы ат емес. Мына жалған дүниенің бүкіл жалған қызығынан, алдамшы атақ-даңқынан текті деген бір-ақ сөз артық! Осыны үнемі есіңде ұста, бойтұмардай тағып ал!» Міне, күндіз-түні құлағыма құятыны осы сөздер... Содан кейін қайда барып оңайын?! Себебі «Шындықты айтсаң, туғаныңа да жақпайтының» белгілі емес пе?! Осындайда ойлаймын, шіркін маған неге ана кісі... нағашы болмады екен деп... Ол кісі мені мүлде басқаша тәрбиелер еді ғой... деп... Шіркін-ай! – десеңші... Атаққа малынып, сыйлыққа батып, мақтау мен марапаттан басым айналып жүрер еді-ау!.. Беу дүние-ай!..
Содан кейін мені ісімен де, сөзімен де елімді, жерімді, ұлтымды сүюге тәрбиеледі. Биліктің емес, ұлттың сөзін сөйлеуге үйретті. Алғаш ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалаған «Керей – Жәнібек» хандар мен елдіктің туын жықпай, шаңырағын шайқалтпауға тырысқан, сол үшін ұлы шешімдер қабылдаған Абылай хан мен оның айбынды немересі, ұлтының тәуелсіздігі үшін жалаң қылышпен жауына қарсы шығып, сол ұлы жолда жанын берген Кенесары хандарды дәріптеп, солар туралы көркем шығармалар жазуыма мұрындық болды. Одан да деймін де, «қазіргі күн көсем туралы жаз, сонда көгересің, көктейсің» деп неге ақыл айтпады екен деймін де кейде қиялға беріліп... Ойхой, шіркін, сонда менің де асығым алшысынан түсіп, дәуренім жүрер еді-ау! Амалым не, амалым...
Тұрсын ағаның маған жасаған бұндай жамандықтарын айтып тауыса алмаспын. Тек енді соңғы жасаған жамандығын айтасам да жеткілікті шығар. Содан-ақ ағамыздың қандай адам екенін жұрт өзі аңғара жатар.
Былтыр Тұрсын аға екеуміз де Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылдық. Ол кісі «Ұраным – Алаш» атты үш томдық еңбегімен, мен «Абылай ханның арманы» атты қойылымыммен. Мемлекеттік хатшының «Абылай ханның арманына» ықыласы ерекше ауып еді... Оның үстіне хандар жылына байланысты менің драматургиялық шығармаларым республикамыздың көптеген театрларында бірінен кейін бірі қойылып еді. Несін жасырайын, есек дәмеміз де бар еді...
Әдетімдегіше, бір күні Тұрсын ағамның үйіне бардым. Алдымен жайланып отырып шай іштік, содан соң жұмыс бөлмесіне барып ұзақ әңгімелестік. Мемлекеттік сыйлық туралы да әңгіме болды. «Комиссия мүшелерінің кімдер екенін білесіз бе?» десем, «оның маған не керегі бар?» деп қарап тұр... Еріксіз күлдім де қойдым!
Әрине, Тұрсын ағамен кезіккен сайын алдымен әңгіме елдің, жердің, ұлттың тағыдыры жайында өрбиді... Дәл осы кезде жерді сату мәселесі қызу талқыланып жатқан еді.
– Мынау менің «Жер сатылмасын!» деген мақалам! – деп жазу үстелінің үстінде жатқан он беттік мақаланы көрсетті. – Жақында жариялаймын!
Оқып шығып, шошып кеттім.
– Ой, аға, Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатырсыз ғой! Тым құрмаса, соның қортындысы белгілі болғанша қоя тұрсаңызшы! – дедім өзімше жанашырлық танытып.
Тұрсын аға «сенің есің дұрыс па?» дегендей ежірейе қарады, жаңа ғана жайма-шуақ әңгімелесіп отырған ағамның сұсы сұстанып, қабағы түйіліп кетті.
– Әй, бала, – деді тістеніп, – қасиетті жеріміздің тағдырының жанында сенің Мемлекеттік сыйлығың не тәйірі. Оған сатылсам, менің кім болғаным, балақай! Енді маған мұндай сөзді айтушы болма! Дәл сенен мұндай сөзді күткен жоқ едім. Сен ананың емес... (бір кісінің атын атады, оны айтпаймын), менің жиенімсің ғой! Ал менің жиенім ондай сөзді айтуға тиісті емес! – деп бір-ақ кесті.
Сасқанымнан не дерімді білмедім. Ұялғанымнан тезірек кетуге тырыстым да, қош айтысып, шығып кеттім! Мен өкпелеп қалды деді ме, есік алдына дейін шығарып салды. «Ренжіп қалдың ба?» деп бауырына басып, маңдайымнан сүйді. «Балақай, ондай ұсақ тірлік аналарға жарасады, ал сен екеумізге болмайды! Адамның берген сыйлығы түк емес, Құдайдың көзі түзу болсын! Құдай сыйынан қақпасын, берерін тауыспасын! Есіңде болсын, сені менен артық ешкім жақсы білмейді, мінезіңді де беске білемін, білсең, сол менің көңіліме қуаныш. Сен өзің білмейсің, мен айтайын, сен Құдайдың назарында жүрген адамсың! Кімнен кем қалып жатырсың! Осы таза пейілің мен ақ-адал ниетіңе қарай Құдайым саған берудей-ақ беріп жатыр ғой! Ендеше, осы бетіңнен тайма! Өзіңнің есең кетіп бара жатқанда үндемей қалуыңа болады, ал еліңнің, жеріңнің, ұлтыңның есесі кетіп бара жатқанда бұғып қалсаң, сен ұл емес, құлсың!»
Мен екі көзім боталап, кемсеңдеп қоя бердім. Бірақ, оны білдірмеуге тырысып, ағамның құшағынан ақырын сытылып шығып, машинама отырдым. Машинама кіріп алып, бордай езілген көңілімді баса алсамшы! «Мен неткен ақымақпын. Бір күндік жалғандағы болмашы сыйлық үшін ұлтыма сатқындық істегелі тұр екенмін ғой! Неткен езбін!.. Неткен қорқақпын!.. Не деген сатқынмын!.. Үлгі алсаңшы, мына Тұрсын ағадан! Не деген сорлы адаммын! Қу, пендешілік-ай!» Осындай ойлар басымды әңкі-тәңкі қылып, есеңгіретіп жіберді.
Үйге келіп тағы ойландым. «Қой, мұным болмайды екен!» дедім де, осыдан он бес жылдай бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Жерді сауға болмайды!» деген мақаламды қайыра жариялап кеп жібердім. Онда қасиетті жерімізді сатуға болмайтынын, егер жеріміз сатылса, түптің-түбінде құлақкесті құлға айналатынымызды» дәлелдеп тұрып жазғам. Осыдан он бес жыл бұрын. «Қазақ әдебиеті» газетінде. Ең соңында «мен осы уақытқа дейін көп нәрсенің сатылғанын өз көзіммен көрдім. Е, Тәңірім, бар екенің рас болса, енді маған қасиетті жеріміздің сатылғанын көрсете көрме!» деп Жаратқанға жалбарынып едім.
Тұрсын аға да мақаласын жалпақ жұртқа жария қылды. Барған, отырған-тұрған жерлерінде «Жер сатылмасын!» деп жар салып жүрді. Содан не болды дейсіздер ғой, ағам екеуміз бірдей Мемлекеттік сыйлықтан қағылдық. Оның әсер-ықпалы болды ма, болмады ма, оны анық білмеймін, әйтеуір ұшып кеттік. Жүрегімді қолыма қойып тұрып айтамын, еш өкініш болған жоқ, дұрыс шешім қабылдадым ғой деп ойлаймын. Есесіне, Жаратқан тілеуімді берді, жер мәселесінің тағдыры 2021 жылға дейін шегерілді. "Бұны біз тоқтаттық!" деп те айта алмаймын, десек те біз де үлес қостық қой деген ой көңілге үлкен демеу. Әй, айналайындар-ау, қазақтың баласына осыдан артық сыйлық, осыдан артық қуаныш бола ма?!.
Тұрсын аға маған ылғи неге «жамандық» жасайды деп жүрсем, ақымақ басым, қайдан білейін, жақсылық жасап жүр екен ғой! Мені жамандыққа жоламасын, жаманатқа аты ілікпесін деп періштедей шыр-пыр болып қорғап жүр екен ғой!
Жүзі жарқын, еңсесі тік болсын дейді екен ғой!
Мен Тұрсын ағамды осындай ақыры жақсылыққа айналатын «жамандықтары» үшін жанымдай жақсы көремін. Қолынан келгенше жақсы адам болуға тәрбиеледі, жақсылыққа үндеді, адам қатарына қосты. Қаламгерлік жолдағы азды-көпті жеткен жетістігімізге де осы кісінің үлкен үлесі бар...
Аман болыңызшы, аға! Мен де сіздің тілеуіңізді тілеймін! Жеңгем екеуіңіз қатар қартайып, бала-шағаларыңыздың қызығын көріңіздер! Әр күндеріңіз қызық-қуанышпен өтсін! Жүзге келіңіз! Ел алдындағы абыройыңыз асқақтай берсін, мерейіңіз қашанда үстем болсын!

Жазушы Думан Рамазанның фейсбуктегі парақшасынан алынды

Рекомендовать
Последние новости