Турлов: Ақша бағамын еркіне жіберу және инфляцияны таргеттеу саясаты өз-өзін ақтамады

Кәмшат Тілеухан 29 нояб. 2024 16:25 956

Freedom Holding Corp негізін қалаушы, кәсіпкер Тимур Турлов әлеуметтік желіде теңге бағамы мен Ұлттық банктің саясатына қатысты пікірімен бөлісті. Ол Үкімет пен Ұлттық банктің жауапкершілікті бір-біріне доп құсатып "лақтыра бермей", Ресейдің орталық банк саясатын "көшірмелемей",бірге өзгеше бағыт ұстанатын уақыттары әлдеқашан жеткенін айтады. Әйтпесе, мына түрімен Ұлттық қорды түгесуден ешкім кет әрі емес, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ең алдымен, валюта бағамын анықтаудағы тоғыз жылдан бері ұстанып келе жатқан ақша-несие саясатының режимі сын көтермейтінін баса айта кетелік. Мысалы, инфляциялық таргеттеуге көшу инфляция көрсеткішін төмендетпеді, теңгені құнсыздануда төзімді етпеді. Керісінше, несиелер қымбат бола түсті, әлсіреу қарқыны (теңге) жоғары, әсіресе таргетке ешқашан жетпеген "инфляцияның салыстырмалы деңгейі тұрғысында", - дейді ол Instagram-да жүктелген видеосында.

Турлов " еркін қалқымалы теңгенің нәтижелі үлесі ақша бағамының әртүрлі факторларға байланысты тұрақты, тіпті нығайған кезеңдерімен байланысты" деп санайды. Ал ашық сауда-саттықта валюта сатып алушы БЖЗҚ өз іс-әрекеттерімен нарықта елеулі теңгерімсіздік туғызып, оның ішінде теңгенің тезірек құнсыздануына ықпал етуде".

Турловтың айтуынша, қазір нағыз контрциклдік саясаттың уақыты.

"Өкінішке қарай, біз проценттік арнаның тиімсіз екенін көріп отырмыз, ол ешкімге әсер етпейді". Сонымен бірге Ресейдің орталық банкі тәжірибесін көшірмелеу де жақсы емес.  Ресей валюталық интервенцияны белсенді түрде жүргізе алмайды, өйткені олардың алтын-валюта қорын пайдалану мүмкіндігі шектеулі.  Оның үстіне үлкен экономикада жұмыс істейтін барлық тетік шағынға [экономикаға] жарай бермейді. Бұған жоғарыда атап өткен инфляциялық таргеттеу мысал бола алады. АҚШ экономикасында оның қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз, бізге де сол керек. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк жауапкершілікті бір-біріне доп құсатып "лақтыруды" доғарып, бірге әрекет етуге көшуі керек деп санаймын",- дейді ол.

Ол жұмыс істемейтін мұндай тетіктер барда мемлекеттік шығыстардың қысқаруы ЖІӨ-нің екі еселенуіне жол бере алмайтынын, керісінше ұлттық валютаның әлсіреуі оның нақты көріністе қысқаруына әкеліп соғатынын айтады.

"Біздің нарық сұраныс пен ұсынысты өзгерту арқылы ағымдағы шоттағы өзгерістерді қаншалықты айқындай алады? Валюта бағамы мен инфляцияны қалыптастыруда спекульятивтік факторлардың рөлі қандай? Мәселен, қарап отырсаңыз, зейнетақы қорына деп валюта сатып алу немесе Ұлттық қордан алып валюта сату сияқты капитал шотындағы қозғалыстар сауда балансына қарағанда нарыққа әлдеқайда көп әсер ететін сияқты. Бұл ақша бағамының қандай да бір тепе-теңдіктегі экономикалық мәндер бойынша айқындалуына жол бермейтін фактор. Сонымен қатар, ірі экономикалық агенттер мен квазимемлекеттік компаниялар тарапынан жасалған спекульяция валюта нарығындағы ауанның қалыптасуына айтарлықтай үлес қосуда. Ел азаматтары еңбегін бұлайша құнсыздандыра отырып, отандық өндірушілерді үнемі қорғаудың керегі жоқ, ал теңге әлсіреген кезде тура осындай жағдай болуда", - дейді Тұрлов.

Freedom Holding Corp мажоритарийі "валюта мен ақша нарығын басқарудың басқа модельдеріне назар аударатын уақыт келді" деп санайды. Ол бұл ретте Әзербайжан, Вьетнам, Армения, Қытай, БАӘ елдерін мысалға келтіреді. Бұл ердерде валюта Ұлттық банктің белсенді араласуымен нақты белгіленіп отырады екен.

"Біз толығымен еркін жүзу саясатынан бас тартып, бағамның ауытқуын реттеуші тараптан басқарылатын және нарық қатысушылары үшін айқын болжамды етуіміз керек шығар. Валюталық тұрақтылыққа үлкен кепілдік бере отырып, пайыздық мөлшерлемелердегі дифференциалды сол Әзірбайжандағыдай, АҚШ Федералдық резервінің мөлшерлемелері секілді 7-8% - дан 2-3% - ға дейін еш қиналмай қысқартуға болады. Сол кезде нарық сауығып, ақша тек сауданы қаржыландыруға және мемлекеттік тапсырыстарға ғана алынбайтын болады. Әйтпесе, біз көршілеріміздің саясатының қақпанына түсіп, олардың инфляциясын импорттаушы болып қала береміз. Ұлттық экономиканы тарифтік емес әдістермен де қорғауға болады", - дейді Тұрлов.

Айта кетсек, Тимур Турлов - 2010 жылдары отбасымен Қазақстанға көшіп келген, қазір Алматыда тұратынын 2022 жылы Ресей төлқұжатынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алған ірі кәсіпкерлердің бірі. Оның байлығы 3,4 млрд доллар көлемінде бағаланады, Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай адамдар тізімінде 5-орында тұр. Тимур Турлов Freedom Holding Corp компаниясының ірі акционері болып саналады. Ол бұл компанияның 72,56 пайыз акциясына иелік етеді.


Рекомендовать
Последние новости