Су үнемдеу технологиясын 216,3 мың гектарға енгізіп, суармалы жерлердің үлесін 40%-ға жеткіземіз – Дархан Сатыбалды

Жарбол Кентұлы 28 нояб. 2024 13:28 480

Түркістан облысында 50 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, осы бағытта 3 өндіріс орны ашылатынын бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Біздің өңірдің басты ерекшілігі – халықтың 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – өңірдің маңызды саласы. Біз ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал мен өсімдік өнімін терең өңдеу бағытында жұмыс жүргізудеміз.

Өздеріңізге белгілі, елімізде жыл сайын ағын су тапшылығы байқалады. Түркістан облысына қажетті судың 70 пайызы көрші мемлекеттен келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығында заманауи су үнемдеу технологиясын ендіріп, жаңа дақылдар мен сорттарды өсіруге басымдық береміз.

Су үнемдеу технологиясын 216,3 мың гектарға енгізіп, суармалы жерлердің үлесін 40%-ға жеткізу жоспарымыз бар. Биылдың өзінде бұл технология жалпы 50 мың гектарға дейін жеткізілді. Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағыттында жалпы құны 11,7 млрд. теңгені құрайтын 3 өндіріс орындарын аштық, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығында өнім көлемі 958 млрд. теңгені құрап, өсім 105,8 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі бойынша облыс республикада жетекші орында тұр. Бұл бағытта нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында 2024-2027 жылдарға жалпы 507 млрд теңге болатын 105 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы арқылы 8 мыңнан астам (8 346) жұмыс орны қалыптаспақ. 

Аймақта «BNK Group LTD» компаниясының құны 7 млрд. теңге құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты, құны 4,1 млрд. теңге болатын «14 мың гектар тамшылатып суару өндірісі», «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорнының құны 650 млн. теңгені құрайтын жылына 9 мың гектар тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісі толығымен іске қосылған. Оған қоса шетелдік инвестордың құны 2 млрд. теңге болатын 40 мың гектарға тамшылатып суару өндірісі келесі жылы жүзеге асырылады.

 


Рекомендовать
Последние новости