Түркістандық таеквондошылар Қытайда өткен халықаралық турнирден олжалы оралды

Dalanews 26 авг. 2024 12:03 2223

Түркістандық спортшылар 13-19 тамыз күндері Қытайдың Уси қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасында (WT) өткен «Grand slam-2024» халықаралық турнирінен жүлделі оралды, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық сайыста Нәлібай Жаншуақ 2-орынға (45-61 келі салмақта), Акрамова Шахризод 3-орынға (33-45 келі салмақта) ие болды. Жаттықтырушылары – Тұраров Абзал мен Тұрлыбек Жандарбек.

«Спортқа келгенде таеквондоны өзім таңдадым. 10 жасымнан бастап осы спорт түрімен шұғылданып келемін. Өзіме қатты ұнайды. Болашақта олимпиада чемпионы болғым келеді. Сол үшін де аянбай тер төгуге дайынмын» – деді түркістандық жас спортшы Жаншуақ Нәлібай.

Сондай-ақ ол спорттағы әр жетістігіне қолдау білдіретін ата-анасы мен жаттықтырушысына алғысын жеткізді.

Айта кетейік, аталған халықаралық спорт сайысына елімізден 34 спортшы қатысқан болатын. 20-дан аса мемлекет қатысқан турнирде Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орынды иеленіп, 7 алтын, 3 күміс, 6 қола медальді қанжығаға байлады.


Рекомендовать
Последние новости