Түркістандық жас боксшылар U22 Азия чемпионатында 8 алтын медаль жеңіп алды

Жарбол Кентұлы 23 мая 2025 21:42

10-24 мамыр аралығында Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында Түркістан облысының жас боксшылары ел мерейін үстем етті. Жастар санатындағы жарыс мәресіне жетіп, Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен түркістандық былғары қолғап шеберлері зор жетістікке қол жеткізді.

Сары құрлықтың үздік боксшылары жиналған дүбірлі додада отандық спортшылар жоғары деңгейдегі дайындықтарын дәлелдеп, биік жетістікке қол жеткізді. Оның ішінде Түркістан облысының спортшылары сегіз бірдей алтын медальді қанжығалады. Атап айтқанда, 60 келі салмақта Нұрислам Қалдыбек, 67 келіде Бахтияр Анарбаев, 75 келіде Аман Қонысбеков қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Қыздар арасында 63 келіде Аружан Жаңабаева мен 75 келідегі Шұғыла Нәлібай да өз шеберліктерін паш етіп, алтыннан алқа тақты.

Сонымен қатар, 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы жарыста да түркістандық боксшылар жарқырап көрінді. 67 келіде Сұлтан Тұрдалы мен 54 келіде Алдияр Бахадур үздік өнер көрсетіп, чемпиондық тұғырдан көрінді. Ал қыздар арасында 48 келіде жұдырықтасқан Айым Танкибаева да ешкімге дес бермей, алтын медаль иегері атанды.

Ғаламат нәтиже көрсеткен спортшылардың барлығы — «Түркістан кәсіпқой бокс клубы» мен облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және облыстық №3 олимпиадалық спорт мектептерінің мақтаныштары. Бұл жетістікте олардың жеке жаттықтырушылары — Олжас Оразалиев, Болат Қасқаев және Қанатбек Шағатаевтардың тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігінің зор үлесі бар.

Айта кетейік, чемпионат жеңімпаздары Халықаралық Бокс Федерациясы тарапынан ақшалай сыйақымен марапатталды: бірінші орын иегерлеріне — 1000 доллар, екінші орынға — 500 доллар, ал үшінші орын иелеріне — 250 доллар табысталды.

Бұл – Түркістан боксының жаңа белесі. Қуатты дайындық пен табандылықтың арқасында жеткен бұл жеңіс — болашақ чемпиондардың қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті.


Рекомендовать
Последние новости