Түркістандық ардагерлер облыс орталығын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты

Жарбол Кентұлы 05 окт. 2024 15:33 2230

Бүгін Түркістан облысының ардагерлері мерекеге орай киелі шаһарда бас қосты. Облыстың аудан, қалаларынан келген 50 ардагерді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қарсы алып, қазыналы қарттарға жылы лебізін білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Түркістан қаласына жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен келген болатын. Мемлекет басшысына оқу орнындағы білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.

Қазіргі уақытта «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын дайындалып жатыр. Түркістанымызда күн санап түрлі рухани-мәдени, туристік нысандар бой көтеріп, республикалық және халықаралық деңгейде іс-шаралар өтетін орталыққа айналды. Өндіріс орындары ашылып жатыр. Барлығы да өздеріңіздің көз алдарыңызда. Сіздерді мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен тағы да құтттықтаймын, – деді әкім орынбасары.

Алдымен өткен оқу жылында ғана өз жұмысын бастаған «Білім-Инновация» лицейін аралап, білім ордасының жұмысымен танысты. Жыл басында жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, лицей-интернат Кентаудан Түркістан қаласына көшірілген. Қазір мұнда 500-ден астам оқушы білім алып жатыр. Лицейде жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі.

Содан соң ардагерлер Мұз сарайын аралап көрді. Заманауи үлгіде жабдықталған кешенді Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова таныстырды. Мұнда шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған. Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мұрындық болған игі бастама өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркінде жалғасты. Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды.

Айта кетейік, жалпы облыста 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қарт пен ардагерлер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 3,2 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері. Сонымен қатар 100 жастан асқан 60 қарт азамат тұрады. Оның ішінде жасы ең үлкені – Жетісай ауданының 110 жасқа толған тұрғыны Бегбаева Унгай. Облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында 8 мыңға жуық қария демалып, денсаулығын түзейді. Сол демалыс орындарының бірі – «Ардагерлер үйін» Түркістан облысына көшіріп, келесі жылы ардагерлерді қабылдау көзделіп отыр.

 


Рекомендовать
Последние новости