Түркістандағы форум жастарды патриот болуға, елімізді дамытуда аянбай еңбек етуге үндеді

Жарбол Кентұлы 27 нояб. 2024 11:02 155

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Мен жастарға сенемін!» атты облыстық жастар форумы өтті. Басты мақсат – жастарды еңбексүйгіштікке баулу және кәсіби бағыт-бағдар бере отырып, олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форумға спикер ретінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е. Алтаев, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Ж. Темірбекова, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Ә. Шоқпаров, «Білім-инновация лицей-интернатының» директоры А.Мирманов қатысты.

Шараның басында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев 2025 жыл Президенттің бастамасымен Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғанын атап өтті.

– Бүгін сіздермен кездесіп, ой бөлісу мүмкіндігі бұйырғанына қуаныштымын. Сіздер – еліміздің болашағы, мемлекеттік қызметтің жаңа толқыны, халқымыздың сенімін ақтайтын жаңа буынсыздар. Қазіргі заман талабына сай қызмет ету, жауапкершілік пен адалдық таныту – сіздердің басты міндеттеріңіз. Жас мемлекеттік қызметкерлер ретінде сіздер жаңа идеяларды ұсынушы, реформаларды жүзеге асырушы, және қоғамға өзгеріс әкелуші боласыздар.

Заманауи технологиялар мен жаңа тәсілдерді меңгеріп, оларды өз қызметтеріңізде қолдану арқылы елімізді алға жетелей аласыздар. Мен сіздерді шынайы патриот болуға, елімізді дамыту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын. Өздеріңіздің тың идеяларыңыз бен жігерлеріңіз арқылы Қазақстанның жарқын болашағын құру сіздердің қолдарыңызда, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Жиынға өңіріміздің жас мемлекеттік қызметшілері, жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп (GPA-3.33) мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданған жастар, облыстың өңірлік кадр резервіне қабылданған резервшілер, жоғары оқу орындарының студенттері және мектептердің жоғарғы сынып оқушылары жиналды.

Форум барысында спикерлер жастарға еңбек жолындағы тәжірибелерін бөлісіп, қазіргі таңда мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында  Заңнамаларға енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпарат берілді.

Айта кетейік, Президенттің Жарлығына сәйкес, ҚР-ның мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, онда мектеп және жоғары оқу орындарын қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институын құру көзделген. Яғни, тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан бітіруші сынып оқушыларын мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ мемлекеттік қызметке дайындау жұмыстары жүргізілетіні айтылды.

Басқосу сұрақ-жауаппен жалғасып, ой-пікірлер тыңдалды. Жиын соңында департамент бастамасымен ашылған «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларына арнайы белгішелер табысталды.

 


Рекомендовать
Последние новости