Түркістандағы бес адамның өлімі. Газ фирмасының директоры ұсталды

Dalanews 17 мар. 2021 11:53 1023

Түркістан облысында газдан уланып көз жұмған бес адамның өліміне қатысы бар күдікті қамауға алынды хабарлайды Dalanews.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасовтың айтуынша, тергеу жұмыстарының аясында күдіктінің іске қатысы бар екені дәлелденген.

"Улы газдан бір отбасының бес бірдей мүшесі қаза болып, біздің облыста үлкен резонанс тудырды. Түркістан облысы тергеу басқармасымен аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Бүгінгі таңда бұл қылмысты жасады деген күдіктілердің бірі Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды. Ол газ орнату фирмаларының бірінде директор.

Тиянақты жүргізілген тергеу жұмыстарының аясында оның іске қатысы бар екені дәлелденді. Біз күдіктілер санының артуын жоққа шығармаймыз. Сондықтан тергеу жалғасады" , – деді Нұрмахан Жалғасов.



Ақпан айының соңында Түркістан қаласындағы жер үйлердің бірінде бес адам – әйел мен оның төрт баласы қаза тапқан. Барлығы газдан уланып қалған.

2004, 2006, 2013 және 2016 жылы дүниеге келген балалардың қасында анасы (1980 жылы туған) бірге болған. Иіс тиіп қалған бесеуін көршілері көріп, құзырлы орындарға хабар берген.

Отбасы тұрып жатқан жеке тұрғын үй орталықтан келетін газ құбырына қосылған. Балалардың әкесі Шымкент қаласында емделіп жатқан.


Азаттық дерегінше бұл Қазақстанда ақпан айында адам қазасына себеп болған алғашқы оқыс оқиға емес.

  • 21 ақпан күні Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында бес қабатты жатақханада орналасқан дәмхананың газ баллоны жарылып, екі адам мерт болды, үш кісі ауруханаға түсті.

  • 19 ақпан күні Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы көп қабатты үйдің пәтерінен өрт шығып, бір үйдің бес баласы көз жұмды.

  • 18 ақпанға қараған түні Қызылорда қаласында уақытша баспана өртке оранып, үйде болған бес баланың кенжесі қазаға ұшырады. Қалған балаларды үйде болған анасы құтқарып үлгерген.


 

Рекомендовать
Последние новости