Түркістанда тоқыма-мата өндірісі жолға қойылады

Ақтоты Жапатова 04 июл. 2025 16:49

Түркістан облысында мақта және тоқыма кластерін дамыту жолға қойылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компанияның бас директорымен кездесіп, мата өндіру, киім тігу саласында инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Аймақ басшысы өңірде мақта-тоқыма кластерін дамытуға аса басымдық берілгенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құруды қолға алдық. Қазіргі таңда мақта өңдеудің толық циклін қамтитын ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сіздер ұсынған жобаларды да зерделеп шықтық. Өңір экономикасына тиімді жобаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Құжаттандыру жұмыстарын сүйемелдейміз. Шарттарымыз да бар. Талаптарды белгілеп, жіті зерделеп, меморандум жасаймыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жоба аясында жіп иіру желілерін, сондай-ақ, джинсы маталарын шығаратын, киім тігетін өндіріс желілерін іске қосу жоспарланған. Ол үшін Түркістан қаласындағы «TURAN» АЭА аумағынан 20 гектар жер қарастырылуда. Тоқыма өндірістік базасы үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, бірінші кезеңде роторлық иіру өндірісінің, екінші кезеңде сақиналы иіру өндірісінің, үшінші кезеңде джинсы мата өндірісінің құрылысын жүзеге асыру көзделген.

Компания басшысы барлық өңірлер арасынан таңдауы Түркістанға түскенін айтып, жіп иіру және мата шығару бағытындағы жетістіктерімен бөлісті. Жоғары сұранысқа байланысты киім-кешек тігетін зауыт салуды да жоспарлап отырғанын айтты. Құрылыс жұмыстарын биыл бастауға дайын әрі келесі жылы 1 кезең бойынша жұмыстарды аяқтауға ниетті екенін жеткізді.

100 пайыз жергілікті шикізатты (мақта) пайдалана отырып, өнімді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде экспортқа бағыттау, соның ішінде Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына шығару көзделуде.


Рекомендовать
Последние новости