Түркістанда жаңа автобекеттің іргетасы қаланды

Dalanews 28 дек. 2018 15:56 743

Бүгін Түркістан қаласында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен заманауи жаңа автобекет құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті. Жаңа автобекет 3 гектар аумақта орналасатын болады. Алдағы уақытта тәулігіне 10 мың жолаушыға, яғни 600 автобусқа қызмет көрсетпек. Салтанатты шараға қатысқан облыс басшысы өңір тұрғындарын айтулы жаңалықпен құттықтады.

«Бүгін Түркістан қаласында тағы бір жағымды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Ел тілегі ескеріліп, киелі шаһарымызда тағы бір автобекеттің іргетасы қаланғалы тұр. Қала орталығындағы көлік және жолаушылар жүктемесін азайтып, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Шымкент бағытынан заманауи жаңа автобекет салғалы отырмыз. Нысанның ғимараты  2880 шаршы метрді  құрайтын болады. Онда күту залы, билет кассалары, жүргізушілерді медициналық куәландыру пункті, диспетчерлік пункт, ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Жобаға сәйкес, автотұрақ, перрон, автобустарды техникалық байқау және қадағалау жайлары орналасады. Автобекет құрылысы аяқталғаннан кейін шамамен 50-ге жуық адам жаңа жұмыспен қамтылатын болады. Ендеше құрылыстың сәтті аяқталуын тілеймін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жобаның жалпы құны - 1 млрд. 875 млн. теңге. Автотұрақ пен бекет алдындағы алаңның аумағы – 3400 шаршы метр, отырғызу перроны – 3600 шаршы метр, жолаушыларды түсіру перроны – 1100 шаршы метр, ал көгалдандыру аймағы – 6000 шаршы метрді құрайды. Жаңа автобекеттің құрылысын 2019 жылдың желтоқсанына дейін толық аяқтау жоспарланған.



Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости