Түркістан қаласында алғаш рет Сүт және ет бағытындағы асыл тұқымды ешкілердің республикалық көрмесі өтті. Ерекше бастама Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Сексек ата» шаруалары ұйымдастырды. Көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушылар, ветеринария саласының өкілдері мен қонақтар арнайы келді.
Көрменің мақсаты — елімізде асыл тұқымды ешкі шаруашылығын дамыту, халықты экологиялық таза өніммен таныстыру, ешкі сүтінің адам ағзасына пайдасын насихаттау, шаруашылықтар арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Бұған дейін халықаралық деңгейде өткізілген көрме ел ішінде сұранысқа ие болған. Тіпті көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары қызығушылық білдіріп, тікелей эфир арқылы тамашалады.

Сондай-ақ, көрмеде ешкі сүтінен жасалған құрт, ірімшік, айран, көже және йогурт өнімдері ұсынылды. Ұйымдастыру топтың жетекшісі Амантай Жолдыбайұлының айтуынша, бұл өнімдердің адам денсаулығына пайдасы мол. Халыққа экологиялық таза өнімді тұтынуға шақырды. Ешкі сүтінің құрамында иммуноглобулиндер де бар және ежелден бері туберкулез сияқты көптеген ауруларды емдеу және алдын алу үшін қолданылады.
Көрмеге Заанен, Альпі, Ламанча, Англо-нуб, Бур, Камори, Гулаби сынды шетелден әкелінген, селекциялы және ең танымал тұқымдары көрсетілді. Шараға жалпы саны 200-ге жуық асыл тұқымды мал басы қатысты. Тіркеуден соң ешкілерден сынамалар алынды. Атап айтқанда, сырт пішіндері бағаланды. Бойлары мен салмақтары өлшенді. Сүтінің майлылығы мен құнарлығы зерделеніп, етті бағыты да ескерілді. Қазылар алқасы жеке-жеке ұпай қойып, әділ түрде ең ерекше ешкі түрін анықтауға атсалысты.
Жарыс қорытындысы бойынша ең мол сүт беретін асыл тұқымды ешкі түрін баптаған Түркістан өңірі, экстерьері бойынша Шымкент қаласы, ең ауыр салмақ негізінде Жамбыл облысы үздік атанды. Жалпы жүлде қоры — 3,5 млн теңге. Бұдан бөлек, номинация иелеріне қосымша кубоктар және 300 мың теңгеге дейінгі бағалы сыйлықтар үлестірілді. «Сауыншылар», «Асылдандыру», «Ең керемет сүт өнімдері» номинация иелері олжасыз қалмады. Сонымен қатар, лақтар сайысы мен сауыншылар жарысы көптің назарын аударды. Іс-шараны үйлестіруге үлес қосқан сала ардагерлеріне Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының төсбелгісі табысталды. Тың форматта ұйымдастырылған көрмеге 350-дей адам келіп,тамашалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.