Астанадағы автобус апатында екі аяғынан айырылған Алуаның жақындары мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 12 июн. 2025 10:02

Астанадағы автобус апатында екі аяғынан айырылған Алуа Бекеннің жақындары мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астанадағы автобус апатынан екі аяғынан айырылған 7 жасар Алуаның жақындары №1 автопарк басшылығымен кездесуден кейін ресми мәлімдеме жасады. Олар бұл әңгіменің эмоциялық тұрғыда өте ауыр өткенін атап өтті.

"Бүгін біз №1 автопарктің басқарма төрағасы Мадияр Түкпатовпен өте ауыр әрі толғандырарлық кездесу өткіздік. Оның біздің отбасымыздың қайғысына, Алуаға шынайы жанашырлықпен қарағанына куә болдық", – деді Алуаның ағаларының бірі.

Олардың айтуынша, автопарк басшысы жол-көлік оқиғасы үшін жауапкершіліктен жалтармайтынын жеткізген. «Мадияр Түкпатов Алуа мен Махаббаттың тағы төрт баласының өмір бойғы лайықты өмір сүруіне қажет барлық шығынды №1 автопарк өз мойнына алатынын уәде етті», – дейді туыстары.

Қазір отбасы заңгерлер мен экономистерді тартқан. Олар инфляцияны ескере отырып, Алуа мен отбасының өмір бойғы шығындарын есептеп жатыр.

"Келісімді заңды түрде қалай рәсімдейміз және әкімдіктің бұл іске нақты араласуы қандай болады – оны алдағы уақытта бөлісетін боламыз", – деп мәлімдеді олар.

Алуаның туыстары барша қазақстандықтарға жүрекжарды алғыс білдірді.

"Біздің бүкіл отбасымыз осы трагедиядан сырт айналмай, қолдау білдірген әрбіріңізге шын жүректен алғыс айтады. Лайк басқан, репост жасаған, пікір жазған, жеке хабарлама жолдаған жандардың бәріне ризамыз", – делінген мәлімдемеде.

Олар Алуа мен оның отбасы үшін дұға етіп, жақындарымен бөліскен, қаржылай және заттай көмек көрсеткен барша халықтың жүрегі елжірегенін сезінгендерін айтты. «Махаббаттың түнде жылап, күндіз мейлінше сабырлы көрінуге тырысқанының куәсіміз», – деді олар.

"Сіздердің әрқайсыңыздың қолдауларыңыздың арқасында біз Алуаға барынша жайлы болашақты заңды түрде рәсімдеуге кірістік. Бүкіл отбасымыздың атынан сіздерге тағзым етеміз!", – деп түйіндеді олар.

Сонымен қатар отбасы мүшелері көлік қауіпсіздігіне қатысты барлық мәселені автопарк пен әкімдік алдына қоятынын да мәлім етті.

Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы автобус апатынан аяғынан айырылған 7 жастағы қыздың жағдайына байланысты ағасы мәлімдеме жасаған еді.

Ағасының айтуынша, Алуа күндіз-түні көз ілмейді, тыныш ұйқыдан айырылған.

"Мүлдем ұйықтамайды. Күндіз де, түнде де мазасы жоқ. Аздап тынықсын деп дәрі беруге тура келеді. Көз жасын тыймай, үнемі “аяғым қайда?” деп сұрайды. Бұл сұрағы жүректі қақ айырып, жанымызға батады. Жалпы медициналық жағдайы – бірқалыпты", – деп жазады ол.

Алуаның халін балалар омбудсмені Динара Закиева да арнайы барып білді.

"Алуашпен және анасымен жолықтық. Протездеу мен оңалту жайын талқыладық. Қызымызбен сырласып, кітап оқыдық. Біраз пицца жеді, үнемі “мені көтеріп жүрші” немесе “далаға шығайықшы” деп сұрай береді", – деді омбудсмен.

Динара Закиева бұл отбасының жағдайы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің тікелей бақылауында екенін де атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, бірнеше адам жарақат алған болатын. Алуа – сол апаттың ең ауыр зардап шеккен жолаушыларының бірі.


Рекомендовать
Последние новости