Әйелін ұрып-соқты деп айыпталған бұрынғы дипломат Сәкен Мамаштың соты басталды. Алғашқы отырыстан кейін журналистердің алдына шыққан айыпталушының ағасы Нұржан Мамаштың айтуынша, бұл істің астарында қаржы мәселесі жатыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Нұржан Мамаш інісі Сәкен Мамаш пен оның бұрынғы жары Карина Госманның араларында он жылдан астам уақыт бойы ешбір ұрыс-керіс болмағанын алға тартты.
«Олар 11 жыл бірге тұрды. Осы уақытқа дейін отбасында зорлық-зомбылық жағдайы тіркелген емес. Қос перзент сүйді. Бельгияда төрт жыл, Біріккен Араб Әмірліктерінде төрт жыл елшілік қызметте болды. Бұрынғы келініміз ешқашан шағым айтып, отбасы ішінде дау шығарған емес. Демалыстарын үнемі шетелде өткізетін, тұрмыстары да жайлы болатын», – деді ол.
Сондай-ақ, Нұржан Мамаштың айтуынша, інісі Сәкен мен бұрынғы келіні Карина алғаш танысқанда, әлеуметтік желіде бойжеткеннің атынан оның анасы сөйлескен.
«Жас кезінде mail.ru желісі арқылы сөйлескенде Каринаның орнына анасы Жанар жазып отырған. Бізде бұған дәлел бар. Әлеуметтік желілердегі хаттарында мұны туыстарының өздері де мойындайды. Анасының мақсаты түсінікті – қызы жақсы, бақуатты жерге тұрмысқа шықсын деген. Мәселенің түп-тамыры ақшаға тіреліп тұр», – деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Оның сөзінше, Сәкен Мамаш отбасынан бөлек, қайырымдылықпен де айналысып келген.
«Інім Шымкенттегі балалар орталықтарына көмек жіберген, тұрмысы төмен отбасыларға тұрақты түрде қаражат аударып тұрған. Қайырымдылыққа жұмсаған ақшасы да отбасында жанжалға себеп болуы мүмкін», – деп қосты Нұржан Мамаш.
Еске сала кетейік, биыл 4 сәуірде Сәкен Мамаш бұрынғы жұбайын ұрып-соқты деген күдікпен қамауға алынған. Оған дейін экс-дипломаттың бұрынғы әйелі Карина Мамаш видео арқылы 10 жыл бойы күйеуінен зорлық көргенін мәлімдеген болатын. Осыған байланысты дипломат елшілік қызметінен шұғыл шақырылып, іс қозғалған еді. Ерлі-зайыптылар былтыр күзде ресми түрде ажырасқан.
Бұған дейін экс-дипломат Сәкен Мамашаның ісі бойынша сот отырысы жартылай жабық режимде өтетінін жазған болатынбыз.
Журналистер отырыстың басында – процессуалдық мәселелер қаралатын сәтке дейін қатыса алады. Алайда істің егжей-тегжейі баспасөзсіз қаралады. Үкім ашық түрде жарияланады.