Түркістан облыстық жедел-жәрдем медициналық орталығы жұмысқа кірісті

Dalanews 26 дек. 2018 10:24 1190

Түркістан облысының орталығында жаңа заман талаптарына сай жабдықталып, 100% сандық жүйеге қосылған “Жедел-жәрдем медициналық орталығының” ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты. Салтанатты шара барысында "Облыстық жедел-жәрдем медициналық стансасына" үш су жаңа арнайы көлік сыйға тартылды.

"Түркістан облысында медицина саласында жасалып жатқан жұмыстар жеткілікті. Олар - компьютермен қамтамасыз ету болсын, цифрландыру болсын, мекемелерді көліктермен қамтамасыз ету болсын, барлығы өз ретімен, жеткілікті деңгейге жүргізіліп келеді. Әсіресе, салалық дәрігерлердің білімін жетілдіру жұмыстарына тоқталар болсақ, өткен жылдарды айтпағанның өзінде, биыл бірнеше маман шетелде білімін жетілдіріп қайтты. Бұл, өз кезегінде, өңіріміздегі аталған саланың одан әрі дамып, өркендеуіне жол ашады деп білемін", - деді әкім орталыққа тарту етілген көліктердің кілтін табыстау кезінде.

Осыған дейін "Түркістан қалалық жедел-жәрдем медициналық стансасы" болып келген мекеме атауын "Облыстық жедел-жәрдем медициналық орталығына" ауыстырып, облыстық мәртебеге ие болған медициналық нысан жаңа ғимаратқа көшті. Облыс аумағында тәулігіне емханалық көмекке қаралатын 34 мың адамға жедел медициналық көмекке жүгінетін 5 мыңнан астам адам тіркеледі.

Орталық толықтай “Көмек” бағдарламасының автоматтандырылған басқару жүйесімен жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап Түркістан облысының аудандарындағы Жедел-жәрдем стансалары Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының “Облыстық жедел-жәрдем медициналық стансасы” ШЖҚ МКК болып орталықтандырылмақ. Бұл жерде Call - орталығы жұмыс істейді. Барлық аудандардағы жедел жәрдем стансасының жұмысы осы орталықтың қадағалауында болады. Бұл дегеніміз, Түркістан облысының кез келген елді мекенінен жедел жәрдем көмегіне жүгінген науқастың қоңырауы тікелей орталыққа қосылады деген сөз. Шақырту түскен жерге ең жақын бригаданы анықтап, науқас жайлы толық ақпарат жіберіледі. Осылайша, алғашқы медициналық көмек жедел әрі сапалы көрсетіледі.

Медициналық ұйымдарды материалдық- техникалық қондырғылармен қамтамасыз етуге биыл 8 млрд. теңге бөлініп, жарақталу көрсеткіші 65,7%- ға жеткен. Алдағы уақытта Түркістан облысында перинаталдық, мамандандырылған кардиологиялық, онкологиялық, психоневрологиялық, наркологиялық орталықтар мен емханалар салу жоспарлануда. Жыл басынан бері 47 санитарлық және арнайы автокөлік сатып алынып, халық игілігіне пайдалануға берілген. Сондай-ақ, мемлекеттік -жекеменшік әріптестік аясында жедел жәрдем қызметін сенімгерлікке басқаруға беру жоспарланып отыр. Бұл бағытта облыс бойынша 150 санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету көзделуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмалардың бірі - 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина саласы қағазсыз құжат айналымына көшіру болатын. Елбасы биылғы Жолдауында «Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет», деп денсаулық сақтау саласының мамандарына міндет жүктегені белгілі. Мемлекет басшысының жолдауда көрсетілген тапсырмасын басты назарға ала отырып, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы 100% сандық жүйеге көшіп, қағазсыз жұмыс істеуге бет бұрды.



 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости