Түркістан облысында құрылыс нысандарына 130 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

Қаракөз Амантай 19 сент. 2024 13:05 2066

Түркістан облысында жыл соңына дейін 400-ден астам нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биыл өңірде ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджет есебінен 485 нысан құрылысын жүзеге асыруға 129,9 млрд теңге бөлінді.

Жыл соңына дейін 418 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 67 нысанның құрылысы 2025 жылға өтеді.

Атап айтқанда, білім беру саласында 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылына Қазығұрт ауданында 2 мектеп, Отырар және Төлеби аудандарында 2 мектеп, жалпы 4 білім беру ұясы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 10 нысанның құрылысы аяқталады. Қалған 7 нысан құрылысы 2025 жылы аяқталады.

Сонымен қатар 94 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, облыстық бюджет есебінен құрылысы жүргізілген 3 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, өңірде 8 әкімшілік ғимарат бой көтеруде. Бүгінгі таңда 3 нысан пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 3 ғимарат құрылысы аяқталмақ. Қалған 2 нысан 2025 жылға өтпелі.

Облыс аумағында құрылысы басталған 12 мәдени нысанның 4-і осы жылы ел игілігіне пайдалануға берілмек. Қалған 8 ғимараттың құрылысы келесі жылы аяқталады.

Сондай-ақ аймақта 23 спорт нысанының құрылысы қолға алынып, оның 3-і пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 11 жобаны аяқтау жоспарланған. Қалған 9 нысан келесі жылы пайдалануға тапсырылады.

Ауыл шаруашылығы саласында 8 нысан құрылысы жоспарланған.

Облыс аумағында 2 469 пәтерлі, жалпы ауданы 66,0 мың шаршы метрді құрайтын 221 үйдің құрылысы басталған. Жыл қорытындысымен арендалық тұрғын үй кезегінде тұрған 2 469 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету көзделуде.

Жайлы мектептерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша биыл тапсырылатын 29 мектептің 4-і қамтылған. 25 мектептің құрылысына 4,9 млрд теңге қаржы қаралып, жұмыстар 100% аяқталған.


Рекомендовать
Последние новости