Түркістан облысында еңбек қатынастары саласында 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында 834 азаматтан арыз-шағым түсіп, соның негізінде 174 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 403 заң бұзушылық анықталып, 173 нұсқама берілген. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Амангелді Әліш мәлімдеді.
– Биылғы жылдың 6 айында облыста 20 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 23 адам зардап шекті. Өкінішке орай 3 адам жұмыс орнында қайтыс болды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 13 пайызға азайып отыр.
Бұдан бөлек, биыл жыл басынан 6 кәсіпорында 4890 жұмыскер алдында 454,7 млн теңге жалақы қарызы анықталып, толықтай өндірілді. Сондай-ақ, облыста шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат беру комиссиясында 34 кәсіпорынға 897 жұмысшыға рұқсат берілді. Оның 738-і маусымдық жұмысшыларға, яғни мақта шаруашылығына берілген.
Өңірдегі инвестициялық жобалардың іске асу нәтижесінде 19 319 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар департаменттің қатаң бақылауына алынған, – деді сала басшысы.