Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Рамзан Қадыровтың ұлы – Адам Қадыровтың үйлену тойына барғанын растады, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.
Шешенстан басшысының 17 жастағы ұлының үйлену тойы өткен демалыс күндері өтті. 30 маусымда Рамзан Қадыров өзінің Telegram-арнасында ұлының қуанышына ортақтасуға келген мәртебелі меймандарға алғыс білдіріп, жазба жариялады. Ол онда бірқатар елдің елшілерін атады.
«Достар, осы күндері Грозныйда мен ерекше құрметтейтін көптеген қадірлі меймандарды, соның ішінде Иран, БАӘ, Түркия және Қазақстан елшілерін қарсы алғаныма қуаныштымын. Олардың барлығы біздің отбасымызды Адамның үйлену тойымен құттықтауға келді. Адам – Шешенстан Республикасының тұңғыш президенті, Ресей Батыры Ахмат-Хаджи Қадыровтың немересі», – деп жазды Қадыров.
Бұл мәлімдемеден кейін журналистер Қазақстан елшісі Дәурен Абаевпен байланысып, оның расында тойға барған-бармағанын және қай мәртебеде барғанын сұрады.
«Мен тек Мәскеуде емес, Ресей Федерациясындағы елші болып табыламын. Сондықтан өңірлерге жиі барамын. Қазақ пен шешен халықтарын терең әрі тарихи достық байланыстырады. Біз шешен халқының Қазақстанға жер аударылғанын ұмытқан жоқпыз.
Ал олар қазақ халқының сол қиын сәтте қолдау көрсеткенін ұмытпады. Мен бұл тойға ең алдымен осы достықтың белгісі ретінде бардым», – деді Абаев.