Депутат Базарбек министрліктерді біріктіріп, мемқызметкерлерді қысқартуды ұсынды

Сағыныш Сардарова 30 июн. 2025 11:33

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек цифрландыру арқылы мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту керек екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың пікірінше, бүгін үнемдеп, қысқартпасақ, ертең қарыз қыса түседі. 

"Жасанды интеллект аясында, мемлекеттік қызмет - бәрін цифрландыру аясында біртіндеп-біртіндеп, 2026 жылдан бастап толығымен мемлекеттік аппаратты қысқартуымыз керек. Одан барлығы қорқады, Үкімет те қорқады. 2026 жылдан бастап мемлекеттің шығындарын қысқартпасақ, үлкен қарызымыз ертең бізді қысып отырады. Сондықтан біртіндеп "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры", одан кейін Бәйтерек ұлттық компанияларының әкімшілік аппаратын қысқартуымыз керек", - деді ол.

Бақытжан Базарбек бұл процессте министрліктер де шет қалмау керек екенін жеткізді.

"Министрліктерді дереу қысқартуымыз керек. Екі-үш министрлікті біріктіру керек. Кішкентай ғана саны бар Қазақстан Республикасына осыншама министрлік қажет емес. Мысалы Су министрлігі мен Экология министрлігін қоса салуға болады. Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігін қоса салуға болады. Индустрия министрлігі мен Өнеркәсіп, Көлік министрлігін қоса салуға болады. Әрбір министрдің кемінде бес-алты орынбасары бар. Ол орынбасарлардың санын кемінде екеу қалдыру керек, төрт орынбасарды қысқарту қажет. Басқаша айтқанда, шығынды азайтуымыз керек", - деді депутат.


Рекомендовать
Последние новости