"Жол ережесін бұзу, жылдамдықты асыру, телефонмен сөйлесу – күнә". ҚМДБ исламдағы жүргізу мәдениеті туралы айтты

Қаракөз Амантай 27 июн. 2025 18:00

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері жол үстіндегі мәдениет пен көлік жүргізудегі жауапкершілік туралы үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

ҚМДБ мамандары ислам діні жолдағы тәртіпке ерекше мән беретінін жеткізді. Жол ережесін сақтау – тек құқықтық міндет емес, шариғатқа сай мұсылмандық талап. Себебі көлікті ұқыпсыз жүргізу, жылдамдықты асыру, бағдаршам мен белгілерге бағынбау – адамның өміріне қауіп төндіретін, тіпті күнәлі іске апаратын әрекет.

Мүфтият өкілдерінің сөзінше, көлікті басқару – үлкен аманат. Әрбір жүргізуші жолаушының, жаяу жүргіншінің және басқа көлік жүргізушілерінің өміріне жауапты. Сондықтан жолда сабыр, сыпайылық және мұсылмандық мәдениет сақталуы тиіс.

Исламда адам өмірі – ең қастерлі құндылық. Құран мен хадистерде бейкүнә жанға зиян тигізуге қатаң тыйым салынған. Жолда жүріп, өзгеге зиян келтіру немесе өз өмірін қауіпке тігу – мұсылман этикасына қайшы.

Сонымен қатар дін өкілдері көлік жүргізер алдында Алланы еске алып, дұға жасаудың маңызын еске салды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті бойынша, көлікке мінерде «Бисмиллә» деп айту, жолда сабыр сақтау, қажет кезде дұға ету – жүрісті де, жүректі де жеңілдетеді.

ҚМДБ жол үстіндегі мәдениетті жақсартуға үлес қосу – әрбір мұсылманның борышы екенін атап өтті. Жол – жақсылық жасауға мүмкіндік. Ал тәртіп – иман мен жауапкершілік белгісі.


Рекомендовать
Последние новости