“Есірткі саудасына қатысы бар”. Индонезияда екі қазақстандық өлім жазасына кесілуі мүмкін

Қаракөз Амантай 25 июн. 2025 18:30

Индонезияда жүргізілген ауқымды арнайы операция барысында есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 285 адам ұсталды. Олардың қатарында 29 әйел мен жеті шетелдік азамат бар. Шетелдіктердің арасында екі қазақстандық та бар екенін Associated Press агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Индонезия ұлттық есірткімен күрес агенттігінің мәліметінше, сәуір мен маусым аралығында елдің 20 провинциясында жүргізілген рейд нәтижесінде 0,68 тоннадан астам есірткі – кристалдық метамфетамин, марихуана, экстази, ТГК, гашиш және амфетамин тәркіленген. Бұл – 1,3 миллион адамды уланудан құтқаруға мүмкіндік берді деген сөз.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, есірткі заттары құрлықпен де, теңіз арқылы да, пошта қызметі арқылы да таратылып келген. Сонымен қатар екі ірі есірткі синдикаты қаржыны заңдастыру бойынша күрделі схема құрғаны анықталып, 1,5 миллион АҚШ долларына тең мүлік тәркіленген.

"Индонезияда есірткі қылмысы үшін ең ауыр жаза – ату жазасы қарастырылған. Соған қарамастан, ел Оңтүстік-Шығыс Азиядағы есірткі транзитінің басты нүктелерінің бірі болып қала беруде", - дейді агенттік. 

Қазір Индонезияда 530-ға жуық адам, оның ішінде 96 шетелдік азамат өлім жазасын күтіп отыр. Соңғы рет бұл жаза 2016 жылы орындалған: атылғандардың арасында бір индонезиялық пен үш шетелдік болған.

Қазіргі уақытта ұсталған шетелдіктердің тағдыры — Индонезияның қатал заңдары мен халықаралық қысым арасындағы күрделі мәселеге айналып отыр. Екі қазақстандықтың аты-жөні мен ресми мәліметтер әзірге жарияланбады.


Рекомендовать
Последние новости