Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылуда. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей қадағалауымен инвестиция тартуға басымдық беріліп отыр,– деп хабарлайды Dalanews.kz
Түркістан облысында биылғы 3 айда қысқамерзімді экономикалық өсім 117,5%-ды құрап (2 орын), негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қалыптасты. Жыл басынан бері өңірге 196,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары.
Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін және 2025-2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Жобалардың жалпы құны – 2,3 трлн. теңге. 19 783 жұмыс орнын ашып, қосымша 84 млрд. теңге салық түсіру көзделген. Оның ішінде, биыл 322 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Өңірде қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалуда. Биылғы 3 сәуірде бизнес-форум өтіп, 6 елден 100-ден аса инвестор қатысты. Инвесторларға облыстың әлеуеті хабарланып, мемлекеттік қолдау шаралары баяндалды. Маңызды жобаларды бірге іске асыру үшін келіссөздер жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.