5 сәуірден бастап Алматыда мопед жүргізушілері тарапынан 1500-ден астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әзірбектің айтуынша, осы құқықбұзушылықтардың 300-ден астамы мопедтерді тіркеусіз басқаруға қатысты болған. Жалпы 500 мопед айыптұраққа қойылған.
“Неге тіркетпейсіңдер деп сұрасақ, көбі уақыттың жетіспеуін, камераға түсіп қалудан қорқатынын айтады. Бірақ бұл — жауапкершіліктен әдейі жалтару,” – деді ол.
Жыл басынан бері Алматыда мопед қатысқан 233 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 243 адам жарақат алған, екі адам қаза тапқан.
“Ажал құшқандардың бірі — кәмелетке толмаған бала”, — деп толықтырды полиция өкілі.
Еске салайық, 5 сәуірден бастап Қазақстанда жол қозғалысы туралы заңға өзгерістер күшіне енді: енді әрбір мопед тіркелуі тиіс, ал оны жүргізетін адамда “А” санатты жүргізуші куәлігі болуы қажет.