Іле ауданының экс-әкіміне 7 бап бойынша айып тағылды

Қаракөз Амантай 23 апр. 2025 10:52 416

Алматы облысы Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды – іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жеті бірдей бабы бойынша қаралады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Алматы облысы бойынша департаменті Қарасаев Б.Ә. мен басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын аяқтады. Қылмыстық іс мына баптар бойынша қозғалды: 189-бап – сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, 190-бап – алаяқтық, 324-бап – шаруашылық немесе өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзу, 361-бап – лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, 362-бап – билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, 364-бап – кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, 369-бап – қызметтік жалғандық", – деп хабарлады Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі сәрсенбі күні ҚазТАГ редакциясына.

Қадағалаушы органның мәліметінше, қылмыстық іс 31 наурызда Алматы облысы Іле аудандық сотына мәні бойынша қарау үшін жолданған.

"Қарасаев Б.Ә.-ге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу түрі таңдалған", – деп толықтырды прокуратура.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қыркүйекте Қарасаевтың ұсталғаны белгілі болды.

Бағдат Қарасаев Іле ауданын 2018 жылғы қыркүйектен бастап басқарды. Оған дейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, Талдықорған қаласының әкімі, сондай-ақ облыс әкімдігі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған.

Іле ауданының әкімшілік орталығы – Алматы іргесіндегі Өтеген батыр кенті (ГРЭС). Аудан аумағынан бірнеше теміржол желілері мен автокөлік жолдары өтеді, мұнда көптеген логистикалық хабтар мен теміржол тұйықтары орналасқан. Олардың арасында "соңғы километр" деп аталатын инфрақұрылым да бар. Осы факторлардың әсерінен Іле ауданы Алматы облысындағы ең бай аудандардың бірі саналады және өңір бюджетіне едәуір үлес қосып келеді.


Рекомендовать
Последние новости