Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.
"Шымкентте төтенше жағдай болды, әкімнің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды. Ол жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Атқан адам ұсталды", дейді Михаил Козачков.
Берденов аңшы мылтығынан атылған оқтан жарақат алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілген.
Оқиға куәгерлерінің және құқық қорғау органдарының берген алдын ала мәліметінше, қала әкімдігіне қарасты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметкері Берденовке аңшы мылтығымен оқ атқан. Полиция күдіктіні оқиға орнында дереу ұстаған.
Қазір қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов ауруханада жатыр, оның жағдайы туралы нақты мәлімет әлі берілген жоқ.
Құқық қорғау органдары оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті. Қазіргі уақытта аталған жайтқа байланысты Шымкент полиция департаменті, Ішкі істер министрлігі мен «Respublica» партиясы ресми пікір әзірлеп жатыр. Айта кетейік, Руслан Берденов осы партияның мүшесі.
Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне биыл ақпан айында тағайындалған болатын. Оқиғаның нақты себебі мен мән-жайы әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Қазір қалада жағдай бақылауға алынып, күшейтілген қауіпсіздік шаралары енгізілді.
Бұл жайтқа қатысты Шымкент қаласының полиция департаменті пікір білдірді.
Полиция мәліметінше, аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.