Түркістан облысында жасанды талшық өндіріле бастады

Dalanews 13 авг. 2018 09:53 1005

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан «Полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдығының жасанды талшығы өндірісі» зауытының жүру барысымен танысты.

Осы жылдың күз айында толық қуаттылығымен іске қосылатын өндіріс орнының құрылыс жұмысына қаныққан аймақ басшысы мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдаулардың тиісті деңгейде атқарылуын тапсырды. Бұдан бөлек, Ж.Түймебаев жаңадан салынып жатқан кәсіпорындарға жаңа цифрлық технологиямен автоматтандырылған басқару жүйелерін кеңінен енгізу қазіргі заманның қажеттілігі екенін айтып өтті.

Инвестициялық құны 20 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыт жылына 50 мың тонна өнім өндірмек. Бұл жоба Қазақстанның жасанды талшықтарға деген қажеттілігін толығымен қанағаттандырады деп күтілуде. Аталған жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр.  Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін зауыт іске қосылған кезде 200-250 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.



Жасанды талшық – бұл өнеркәсіптің барлық салаларында қолданылатын әмбебап материал. ПЭТ-ті қайта өңдеу Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға әсер етеді.

Еске салайық, бұл жоба «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Жобаны әлемге танымал шетелдік HONGKONG TIANRUN CO LTD ірі өндіріс компаниясы облыс әкімдігімен және Green Technology Industries компаниясымен бірлесе отырып салуда. Бүгінде бұл компания 70 мемлекетте өндіріс орындарын ашып үлгерген.

Айта кетейік, аталған индустриалды аймақта 1 583 жұмыс орны ашылып, соммасы 65 716,9 млн. теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылуда. Соның ішінде 107 жұмыс орнымен қамтылған, қаржысы 7 788,9 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Рекомендовать
Последние новости