Түркістан облысында жаңадан 91 балық шаруашылығын құру көзделуде

Dalanews 31 июл. 2023 18:07 829

Түркістан облысында жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде қосымша жұмыс орындары ашылып, балық өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндігі артады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Инвестициялық субсидия мен жеңілдетілген несие тұрақты түрде беріліп, өңірде балық өндіру көлемі 30 мың тоннаға жеткізу көзделуде.

Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы балық шаруашылығы саласын дамыту бойынша жиналыста жан-жақты пысықталды. Басқосуда облыс басшысы бұл бағытта жұмысты ширатып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беруді тапсырды.

Бүгінде өңірде жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Бұдан бөлек 4 халықаралық маңызы бар, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген.



Тауарлы балық өсірумен облыста 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды. Сонымен қатар жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.


Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің баяндауынша, облыста 2022 жылы 6 мың 200 тоннаға жуық тауарлы балық өндірілсе, биылғы жоспар – 6640 тонна.

Саланы дамытуға биыл жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн теңге қарастырылған.

Рекомендовать
Последние новости