Түркістан облысынан СҚО-ға гуманитарлық көмек жолданды

Жарбол Кентұлы 19 апр. 2024 10:25 1706

Елімізде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға Түркістан өңірінен гуманитарлық көмек жіберуге облыс жұртшылығы белсене атсалысып жатыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен, Түркістан қаласындағы 1-ші мөлтек аудан тұрғындары атсалысқан гуманитарлық қолдау жолға шықты. Ішінде генератордан бастап, ауыз су, дәрі-дәрмек пен жылы киімнен басқа 25 тоннадай азық-түлік тиелген. Бұл игі істі ұйымдастыруға халық қалаулысы Тәжібек Мұсаев бастаған азаматтар үлес қосты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктер, Ассамблея мүшелері су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына белсене көмек көрсетуде.

«Біздің күшіміз – бірлікте» деген ұстанымды тірек еткен «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласына 1 жүк көлігіне тиелген 10 тонна кезекті гуманитарлық көмек керуенін жөнелтті. Жүк көліктеріне негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, су сорғыш насос, қайық, су костюмі және құрылыс материалдары артылған. Бұл орайда, өңірдегі Ассамблея жастары су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы 6 млн теңгеге көмек жіберді.

Ал Түркістан облысы ҚХА жанындағы әзербайжан этномәдени бірлестігі су тасқынынан зардап шеккендерге 2,5 млн теңгеге азық-түлік жіберді. Жалпы бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер тарапынан су басқан өңірлерге гуманитарлық көмек жолданып келеді.


Рекомендовать
Последние новости