Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша топ бастауда

Dalanews 29 янв. 2024 20:12 2434


Бұл туралы брифингте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.


– 2023 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 140 926 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы – 527 633 адам, ауыл халқы – 1 613 293 адам. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында 51 145 бала туған. Оның  26 323-і  – ұл бала, 24 822-сі – қыз бала. Бүгінде облыс туу бойынша республикада көш басында, оның үлесі 14,3% құрап отыр, – деді Нұрқожа Ермекұлы.


Бұдан бөлек, спикер өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 10 826 неке тіркелгендігін айтты. Сондай-ақ, 2023 жылы тіркелген ажырасулар саны 2022 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға кемігенін жеткізді.


Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында көші-қонмен облысқа 35 953 адам келген. Оның ішінде 35 473 адам – Қазақстанның басқа облыстарынан, 473 адам – ынтымақтастық елдерінен, 7 адам - алыс шет елдерден келген. Жалпы облыс ішіндегі көші-қон 40 373 адамды құраған. 


 



Рекомендовать
Последние новости