Аталған тұрақтандыру қоры бүгінде халыққа қажетті барлық тауарларды таяуда ғана пайдалануға берілген Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығында сақтауға кіріскен болатын. Қазір аталған қор мұндағы 4 мың шаршы метрлік қоймаларды жалға алып, 2,5 мың тоннаға жуық азық-түлік тауарларын сақтап отыр. Аталған серіктестіктің жұмысымен танысқан өңір басшысы бағаны тұрақтандыруда заманауи қоймалардың маңызды екенін жеткізді.

Өңір басшысы қордың жалға алып отырған қоймаларын аралап көріп, ет пен ет өнімдерін де сақтауға кеңес берді.
– Бұған дейін тұрақтандыру қоры тауарларын Кеңес заманынан қалған қоймаларда сақтап келді. Талапқа сай келмегендіктен сақталған тауарлар ерте бүлініп, бірқатар шығындарға ұранатын. Енді міне Шымкент қаласынан заманауи қойма пайдалануға беріліп, тауарларымызды сақтау мерзімі ұзарып отыр. Қазірдің өзінде біз осында сақталған картоптарды 85 теңгеден, сәбізді 80 теңгеден, ал пиязды 50 теңгеден сатылымға шығарудамыз, – деді «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Маратбек Мырзамұратов.
Айта кетейік, мұндағы барлық тауарлар биржа арқылы сатып алынады. Екіжақты жасалған шарт бойынша сатушылар тауарларын өзінде сақтап, кейіннен сұранысқа сай осы қоймаға жеткізіп беріп отырады. Ал әлеуметтік маңызы бар бұл азық-түлік қоры баға шарықтап кеткен жағдайда бәсекелестік орта қалыптастырып, оны қайта қалыпқа келтіруге сеп болмақ. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қараша айына белгіленген 101 пайыз баға индексі 98,5 пайызға төмендеп отыр.
ОҚО әкімнің баспасөз қызметі